Əлдекімге – Исраил Сапарбай

Бұл бетте «Əлдекімге» атты Исраил Сапарбай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 22.07.2021
  • 0
  • 0
  • 737
Əлдекімге
Сен екенсің серігім, сергелдеңім,
Терезеңе ешкімді теңгермедім.
Қара жерде қаңбақтай қаңғып жүрсем,
Хал-жайымды сұрарсың желден менің.
Сен екенсің серігім, сергелдеңім,
Елсіз, емсіз елесің енді ермегім.
Көкбөрімен алысып арлан басым,
Шетте жүрген шенеусіз шерменде едім.
Сен екенсің серігім, сергелдеңім,
Қыр соңымнан қыддиып ерген менің.
Қу басымда əкеңнің құны бардай
Неге сонша елірдің, ербеңдедің?
Сен екенсің серігім, сергелдеңім,
Көрді қайдам, қалып тұр төрден көңіл...
Хабарыма зар болсаң алда-жалда,
Хал-жайымды сұрарсың елден менің.
...Сен екенсің серігім, сергелдеңім.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері