Әйелдер – Тұрсынхан Әбдірахманова

Бұл бетте «Әйелдер» атты Тұрсынхан Әбдірахманова жазған әйел туралы өлең берілген.

  • 08.08.2021
  • 0
  • 0
  • 703
Ұмытқаным жоқ бірін, бәрі есімде.
Ертесін де, отты жылдар кешін де.
Көкіректі жауға деген кек кернеп,
Жылжытысқан ілгері ел көшін де.
Серттестік біз, жауды жеңбей есімде,
Тындырмай іс тыным ап, бел шешінбе,
Қол ойылып, аяқ сыздап, бел ұйып
Тұрса шыдау... деген келдік шешімге.
Жеріміз жоқ бұл уәдеден аттаған,
Болса дағы бұғанамыз қатпаған.
Тәсіл тауып сан өткердік қиынды,
Қайсыбірде еркек қолы батпаған.
Ұмытқаным жоқ бірін: бәрі есімде,
Ертесін де, отты жылдар кешін де.
Сол қиындар жарқырайды бүгінде
Ақ самайлы құрбылардың төсінде.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері