Көмекшім – Тұрсынхан Әбдірахманова

Бұл бетте «Көмекшім» атты Тұрсынхан Әбдірахманова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 03.01.2021
  • 1
  • 0
  • 1118
Ақша бұлттай ақ мамық бесігіңде
Ұйықтасын ақ ботам — келешегім,
Айта алмайтын сен әлі есімін де
Кейіпкермен ұзақ түн кеңесемін.
Шам нұрына шалықтап, езу тартып,
Жымиясың, кірпігің дірілдейді.
Шабыттанып мен сонда кетем шалқып,
Өмір сен боп — өлең боп күлімдейді.
Мақпал қара түңдерде маужыраған,
Мен жырлаймын елімнің тың істерін.
Өлкемдегі әрбір сай, тау, жырадан
Жыр-самал боп еседі тыныс-демің.
Сызат беріп сұлу таң көтерілді,
Түн сырының жоқ оған көмескісі.
Тек сен, ботам, сезбейсің екеніңді
Үлкен істің кішкентай көмекшісі.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері