Әйелдің мүшкіл халі көзге ұрады – Тұрсынхан Әбдірахманова

Бұл бетте «Әйелдің мүшкіл халі көзге ұрады» атты Тұрсынхан Әбдірахманова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 08.08.2021
  • 0
  • 0
  • 668
Әйелдің мүшкіл халі көзге ұрады.
Мүсіркеп үлкен-кіші сөз қылады.
Әрекет етер деген оны ұғып,
Бітелген биліктілер көз-құлағы.
Опасыздық көп көрдім,
Сенбей тұрам ешкімге.
Жетім қонжық орманда,
Тәрізді өмір кештім де.
Үмітшіл көңілің ілгері қозғайды.
Өрбігіш арманың бітпейді, тозбайды.
Сол үшін аспанға үш, жерге түс, тау төңкер
Бәрібір ешкім де жазмыштан озбайды.
Жарамайды селқостық,
Жасау керек әрекет.
Бойындағы кетеді,
Сонда ғана пәлекет.
Парықты парықсызбен егеспейді,
Ақылды ашу жеңсе, не деспейді.
Кез болса талайына тағдыр жазып,
Басынан пәнда адам не кешпейді.
Баянсыз, алдамшы бақ қонғанменен
Жақсыға жаман әсте теңеспейді.
Тұрлауы, тұрағы жоқ бұл пәниден
Жаралған жанды-жансыз не көшпейді?
Тек қана әр кеудені байыздаған
Халыққа мирас, нақыл сөз өшпейді.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері