Ұшқыш кемеде
Қара жерді қылғандай мүлде талақ,
Құс батыры, қырандай жайып қанат,
Ұшқыш кеме ішіне мініп алып,
Жоғарғы көтерілдім көкке қарап.
Қалықтап жоғарыда құрдым сайран,
Орнаған уайым-қайғы шықты ойдан.
Болады балапанда нендей уайым,
Қазірде мен балапан қанат жайған.
Балапан болған мен бір кәрі бала.
Қара жерде естияр едім жаңа.
Көңілімді көтеріп шаттандырған
Осы ұшып келе жатқан кеме ғана.
Көтерген көңілімді, ұшқыш кемем,
Азырақ тілдесейін сеніменен.
Ішімдегі сырымды білемісің,
Мен қазір қандай түрлі ойда келем?
Қой, қозының соңында жүргенімде,
Жуантық тайынша бұқа мінгенімде,
Атқызып не бейнетпен көрер таңды,
Мойныма нәлет қамыт кигенімде,
Көз жасым көлдей болып аққанында,
Бар қырсық іздеп мені тапқанында,
Көр түнде жүрер жолды сезе алмай,
Қаңғырып айдалада лаққанымда,
Халықтың бәрі менен жиренгенде
Етіме тіл найза болып түйрелгенде,
Сықылды жауыр есек көнбіс болып,
Тұщы ет ащы таяққа үйренгенде.
Не бейнетке бас иіп көнгенімде,
Қайда барсам мені сор жеңгенінде...—
Түсім түгіл өңімде сені көрем,
Деген ой болып па еді сонда менде?
Ойлау түгіл атыңды естімеген,
Сонда көрсем қорқар ем кескініңнен,
Көңілімде бар арман ол уақытта,—
«Бұл бейнеттен құтылам қалай» деген.
Одан бері неше ай өтті, жылдар,
Қала берді арт жақта талай қырлар,
Көз алдыма айқын боп келе қалды
Сағымдаған буалдыр көп бұлдырлар.
Қуанғаннан жадырап күлдім күндей,
Отырамын шаттыққа қалай күлмей!..
Кемеге де мініп ап, ұштым, міне,
Сәрсенбінің сәтіне бүгінгідей.
Ал, кемем, қанатыңды кеңірек жай,
Ойға алған жеріме апар, армай-талмай!
Көкке жет, одан асып әр қарай өт,
Көрейін ел бар екен онда қандай!
Күнге бар, оған енді батпа дейін,
Дәл түстікке жет тағы тоқта дейін,
Жаурағанда жайлансын, рақаттансын,
Нұрымен жердің бетін қапта дейін.
Айға бар, енді жаным ұйықта дейін,
Түн жамылып сен енді шықпа дейін,
Күн кетсін деп қуанып күлімдеме,
Сенен түсер пайда аз жұртқа дейін.
Жұлдызға бар, ұялма күннен дейін,
Күнмен күндіз тұра бер бірге дейін,
Күндіз дағы сен көктің ажарысың,
Құмар болма, жарқыным, түнге дейін.
Бұлтқа бар, түнерме енді дейін,
Түнеріп қорқытқаның болды дейін,
Ашулансаң ойнатып нажағайды,
Талай сорлы атылып әлді дейін.
Марсқа бар, жақында жерге дейін,
Кескін көрсет берірек кел де дейін,
Үстіңдегі жаралған жәндіктерді,
Таныстыр жерде тұрған елге дейін.
* * *.
Шарқ ұрып жүргенімде, көкте ұшып,
Көктің мөлдір сәулесін судай ішіп,
Қарадым бір заманда жер жүзіне
Ойыма туысқаным — адам түсіп.
Байқасам, әлі де көп жылағандар,
Жәрдемді еркіндерден сұрағандар.
Өзі қожа, басқаны құлы қылып,
Бауырын езгілеген адамдар бар.
Көкке мен өрлеймін бұдан арман,
Маған серік адамдар кейін қалған,
Қызыққа берілудің сәні бар ма,
Жылаған кете барып бауырлардан.
Қайтайын, аралайын соның бәрін,
Қырайын адамзаттың азғындарын,
Әперіп теңдіктерін қолдарына,
Уатып, қуантайын жылағанын.
Менің өмірім күрестің нағыз іші,
Сыналатын заман бұл ердің күші,
Күрессіз көктің қазір керегі жоқ,
Көңілімнің күрес қана қуанышы.
1924
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі