Өлең, жыр, ақындар

Тамада

  • 23.08.2019
  • 0
  • 0
  • 4927
Қазақ қойсыз болмайды,
Қойсыз болса да, тойсыз болмайды.
Шілдехана, сүндет той,
Мектепке бару міндет той,
Туған күнгі құрмет той,
Оқу орнын бітіру,
Қыз беріп, келін түсіру,
Әйтеуір, көп дүрмек той.
Демейді кәрі, жас екен,
Той өткізу – бәсеке.
Қатардан қалмау керек,
Оза шауып, самғау керек.
Қамшыны басу керек,
Бар жиғанын шашу керек.
Қайтсе де өзгеден асу керек.
Өзінде болмаса, несие алып,
Бай секілді бөсіп анық,
Тойды дүрілдетіп өткізеді,
Шырқау шыңына жеткізеді.
Ол үшін тамада таңдайды,
Тамада жақсы болса,
Бір жағынан «бақсы» болса,
Той иесі далада қалмайды.
Тамаданың айтқанына көнеді,
Сұрағанын береді.
Сөйтіп, тамада командасымен
Бір қауым жұрт болып келеді:
Екі-үш бишілері болады,
Екі-үш күйшілері болады.
Ал, әншілері аз болмайды,
Әншісіз той мәз болмайды.
Сағыздай созылып сөзі де,
Керек десең, тамаданың өзі де
Әр «өнердің» басын шалады:
Әнге де салады,
Жыршы да болады,
Сыншы да болады.
Тойға келгендерді аңдап көреді,
Сөз кезегін таңдап береді.
Беделді адамды асыра мақтап,
Жарты сағат сарнап береді.
Сөз кезегінде елді күлдірмек болып,
Өзінің «өнерін» білдірмек болып,
Шеңберден шығып та кетеді,
Әдеп дегенді бұрып та кетеді.
Тойдың басы концертпен басталып,
Ел қызған кезде мастанып,
Аяғы жиынға айналады,
Біреуді-біреу тыңдау қиынға айналады.
Тамаданың өзі де қызып алып,
Сөз желісін бұзып алып,
Елді биге жібереді,
Қатты қызуларын үйге жібереді.
Ақша табу оңай ма?
Тамадаға керек он айла.
Той иесінің бар-жоғына қарай ма?
Қалтасын қағады қалайда.
Той иесінің қарызы қысып,
Құтыла алмай, күйіп-пісіп,
Күлудің орнына жылап отырады,
Құдайдан көмек сұрап отырады.
«Тонап кеткен» тамаданы
Жеті атадан сыбап отырады.
* * *
Ал, кейбір тамада,
Адам салмай-ақ араға,
Жұрты қалып далада,
Бір өзі бөсе береді,
Түрлі әңгімеге көше береді.
Ел мүлгіп, қалғи бастаса,
Біреулер сөзін аңди бастаса,
Ауызы көпіріп, тала бастаса,
Жұрт тыңдаудан қала бастаса,
Кезек биге көшіп кетеді,
Даңғара әуен құлақты тесіп кетеді.
Төрт сағат елге тыныс бермейді,
Қонақтарды сөйлетуді дұрыс көрмейді.
Уақыт өте береді,
Ел біртіндеп кете береді.
Ақырында үстелден арақ кетпей,
Аз ғана «алкаштар» қалады тарап кетпей.
Тамада сөйтіп, дара қалады,
Қасында бала-шаға қалады.
Той солайша быж-тыж болады,
Той иесінің іші қыж-қыж болады.
Тамада – бір сарнаған бақсы,
Мұндай тойдың болмағаны жақсы,
Елдің оған бармағаны жақсы.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Кітапханада

  • 1
  • 0

Ақырын бас аяғыңды,
Тықырлатпа таяғыңды.
Түкірме де, түшкірме де,
Тамағыңа таяп үнді.

Толық

Қолжетімді деген не?

  • 0
  • 0

Көк тіреген зәулім үйлер,
Сымбатты да сәнді үйлер
Салынып жатыр, салынып жатыр.
Еркін жұтар ауа да жетпей,

Толық

Оразаны кім қалай ұстайды?

  • 0
  • 0

Шілденің аптабында,
Алатау шатқалында
Екі дос кездесіп қалды,
Азырақ сөйлесіп қалды:

Толық

Қарап көріңіз