Өлең, жыр, ақындар

Кеудеңе орден тағамыз

  • 13.08.2021
  • 0
  • 0
  • 348
Құтты қонақ — Жаңа жыл,
Хош келдің қарсы аламыз!
Өркенде, өс, жайна гүл!
Кеудеңе орден тағамыз.
Бір беті түн, бірі күн,
Бір беті қыс, бірі жаз,—
Аралап бұрын жер жүзін,
Жайланар сая таптың аз.
Бақытты жер — ұйығын
Татпай, Асан қайғыдай,
Талып аяқ, иығың,
Толды кеудең қайғыға.
Сол кезде сені Лениндік
Компартия қолтықтап,
Қыссыз, түнсіз, гүлденген
Әкелді жерге — кең-байтақ.
Гүлді жазда жайлана
Шаттықпен құрдың сен сауық
Байғазыға бір ғана
Жыл сайын алдың бір завод.
Сайранға міндің арғымақ,
Автомобиль, самолет,
Сүт, қымыз ішсең — бал бұлақ,
Жесең: жеміс, нан, май, ет.
Бақытты бай Советтің
Халқына болдың еншілес,
Қайтатын болдың жүдеп тым
Елдерге барсаң көршілес.
Биыл бізге, Жаңа жыл,
Жорықты келдің мезгілде,
Тыңдашы, анау не гүрсіл,
Ұшқанда қай құс, сездің бе?
Құмырсқадай құжынап,
Өргенде не алдында?
Тұмандана бұрқырап,
Бұршақ па жауған, жаңбыр ма?
Қалалар неге қирады,
Боп кетті ме зелзәлә?
Халықтар жанын қинаған
Қан аққан жара не жара?
Айғыздаған ақ қарды,
Қызыл жолақ мәнер ме?
Түршіге неге сақтанды
Не пәле келді әлемге?
Уа, Жаңа жыл, ол пәле,
Обыр тажал-фашизм,
Қылығын оның көр, әне,
Өртенер табан, басса ізін.
Тажал-фашист талқандап
Қалаларды қиратқан,
Адамды қойдай арқандап,
Тірідей етін туратқан.
Жас баланы тезектей,
Түйреді ол істікке,
Шыңғырған даусы безектей,
Баланың жетті түстікке.
Жарқыратты қауындай
Жүкті әйелдің қарның
Көмді өлмей, ауырмай
Кемпір, шалдың қабірін.
Мәдениет мұрасын,
Нәжістен жаман таптады.
Тажалдың қанды құлашын,
Әлсіздер қорқып қақпады.
Айғыздады жер бетін
Фашизмнің қанды ізі,
Өлерде жәрдем беретін
Іздеді қамқор жер жүзі.
Бойда күші сарқыла,
Тажалдан мейірім күтпеді.
Адамзат Совет халқына
Соңғы үмітін жүктеді.
Аранын ашқан фашизм
Қақалды өз қанына,
Қашты баса қан ізін
Өкпесі шірік қабына.
Ілікті болат шеңгелге,
Қашқанмен қайда ұмтылмақ?
Ала алмай еркін сұм дем де.
Сүйегі сынды бытырлап.
Жағы жаудың қарысқан,
Қансыраған сияғы,
Жанталасып алысқан
Өлерде серіпкен тұяғы.
Уа, Жаңа жыл, Советтің
Сен де туған ұлысың,
Майданға аттан! Фашист сұм
Тас-талқан боп құрысын.
Сен де ортақ, Жаңа жыл,
Бізге төнген қауыпта,
Бізбен қатар бірге жүр,
Майданда, колхоз, заводта!!
Егін егіс, оқ атыс,
Машина меңгер, кенді қаз.
Жорыққа түгел сен қатыс,
Жорыққа ұлы, жеңімпаз.
Майданда, тылда танылса,
Халқыңа совет ерлігің.
Жарқыратып жалынша
Қадайсың Ленин орденін.
Құтты қонақ — Жаңа жыл,
Хош келдің қарсы аламыз!
Бізбен бірге жауды қыр,
Кеудеңе орден тағамыз!

1942



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Колхозды ауыл осындай

  • 0
  • 0

Бар тәнін жұлдыз жапқан барқыт түнде,
Комбайнға күзетші шалмен бірге
Далада отырдым мен, Құлағымды
Бірдей сап шал сөзіне, басқа үнге.

Толық

Елу

  • 0
  • 0

«Елу» деген осы ма? Мұның несін
«Қартайдым» деп қайғырған Абай ағай?!
Өмір маған жайнатып бар бейнесін,
Жан-жағымда жанып тұр самаладай.

Толық

Біздің күш

  • 0
  • 0

... Тыңдадым партияның үндеу сөзін,
Шымырлап бойды билеп толқын сезім.
Қайрат, намыс, кек, ыза араласып
Отырдым зорға ұстап бойымды өзім,

Толық

Қарап көріңіз