Өлең, жыр, ақындар

Гүл бағындай отаным

  • 12.08.2021
  • 0
  • 0
  • 713
Биыл... көктем кезінде... бір күн кешке,
Қиял шалқып, әрбір ой түсіп еске,
Түн бойы отырдым мен, шекпек болып
Қағазға сөзден сұлу көркем кесте.
Жібегім кесте тігер өте жалпақ,
Алпыс ұлтқа меншікті бірдей ортақ,
СССР өлкесі — ол, жер шарының
Алтыдан бірін алған ұлан-байтақ.
Дегенмен ақын сөздің фабригі,
Отанға кесте тігу лайық гүлі,
Қиын боп мен отырдым ұзақ уақыт
Кестемнің ойдағыдай келмей түрі.
Сөз деген жай әншейін ақ жібек жіп,
Ақ жібек жіпті әдемі бояй біліп,
Бояған жіпті бұзбай, үзбей және
Сұлулап ретімен орай біліп,
Өрнекті кесте тігу болды ауыр,
Миымда ой тербеліп соқты дауыл,
Сондай ауыр міндетті жүктемекші
Өзінің ақынына біздің дәуір.
Ой, қиялға дедім мен «құлашын, жай!
Желді күн көл айналған лашындай,
Жер шарын кетті кезіп, жылдамдығы
Жұлдыздай аққан, яки жай тасындай.
Қиялды ұшырып мен, шықтым тысқа
Тереземнің алдында тау жақ тұста
Бар еді гүл бақшасы, сол бақшада
Сайраған құлақ тіктім бұлбұл құсқа.
Ол уақыт мезгіл екен таңның алды,
Тұр екен белуарлап тау аспанды,
Сол таудан тоты таңның боз пұшпағы
Мен тысқа шыққан кезде қылаңдады.
Кезгенде таудың қырқа, жотасын-ай,
Жағаның жіңішкелеу оқасындай,
Жылтыраған тау басы, таң біліне
Көрінді түйенің ақ ботасындай.
Екі көзім ақ бота — тауға төніп,
Таудан аса қараған таңға төніп,
Таңның нұры, сайраған бұлбұл үні
Көтерілген көңілді бірдей бөліп.
Жүрдім мен гүл бағында ерсіл-қарсыл,
Ұққанда таңда сұлу ғажап бар сыр.
Таң сәулесін қолтықтап кекке өрлеп,
Кетті шырқап биіктеп көңіл таңшыл.
Гүл бағы сол уақытта қасымдағы,
Бүріліп гүлдің қабы басындағы.
Кезі екен шашақтанып гүл жапырақ
Жарқырап дайын тұрған ашылғалы.
Құлпырған секілденіп тоты түгі
Тамаша таң емес пе гүлдін, гүлі,
Тайдырмай тұсай көздің қарашығын
Еріксіз бағындырды таңның нұры.
Алтын таң ұқсап бейне біздің туға
Малынды қып-қызыл боп нарттай буға,
Торғын көк, келін кектің көлбей жүзген
Ұқсады күміс түкті күн аққуға.
Сол кезде түсіп еді гүлге көзім,
Таңдандым көркем гүлге серпіп сезім.
Нелер түс сұлу гүлдер елестетті
Маған таңның күн енді шығар көзін.
Гүл-шешек құшаққа алып атар таңды,
Таң гүлдене гүл-дағы шешек жарды.
Шыққан күн күміс сәуле сеуіп, бүліс
Жайнап гүл мың құлпырып ажарланды.
Сол кезде оралып кеп маған қиял:
— Кестеге бояу таптым,— деді,— құяр.
— Ол не?— деп ем,
— Таң гүл, күн,— деді маған
— Сөз екен,— дедім,— мұның ойға сияр.
Таң, гүл, күнді көргенде тусті еске,
Міне, бұл, біздің елге лайық кесте.
Тотыдай таң — Октябрь,
Күн — СССР,
Партияның лебізі — нұр емес пе!
Бақытқа алтын қақпа ашқан заңы,
Қақпадан кірсең іші алма бағы,
Тілге тәтті, денеге әл-қуатты
Береді атқан таңдай алмалары.

1937



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ленин жолы

  • 0
  • 0

Адам!
Сен тарихыңның өн бойында,
Атқардың таңқаларлық талай істі.
Тек қана, жалғыз арман жүрді ойыңда,

Толық

Н — Тысяча

  • 0
  • 0

Ал, кәне, ұш шарықтап, қиял құсым!
Қақсаң, қанат — қуатын «Н — Тысячам!»
Бұлтты желпіп, дауылды соңына ертіп,
Жетпей қонба Солтүстік жер полюсін!

Толық

Өз жемісің

  • 0
  • 0

Партия!.. Қазақтың кең даласынан
Көтердің құнары мол талай тыңын.
Аналық мейіріммен, жаны ашыған,
Ұрықты сеуіп, күттің көрмей тыным.

Толық

Қарап көріңіз