Сенi ойлау – мұңға бату тұңғиық – Есей Жеңісұлы

Бұл бетте «Сенi ойлау – мұңға бату тұңғиық» атты Есей Жеңісұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 16.08.2021
  • 0
  • 0
  • 759
Сенi ойлау – мұңға бату тұңғиық,
Шомып жүру еңсе басқан мұнарға.
Сенi көру – арман көру тым биiк,
Асығатын сезiм құшып құлауға.
Сенi ойлау – шектен асқан сыршылдық,
Күллi әлемнiң күйiн тыңдау ұнатып.
Сенi көру – жұмбақтық пен тылсымдық,
Ұмытылу өзiңдi iштей жұбатып.
Сенi ойлау – жерге түспей қалықтау,
Самғап жүру мәңгi мөлдiр аспанда.
Сенi көру – ешқашанда жалықпау,
Ұрлап қана көз қиығын тастауға.
Сенi ойлау – қиялға кеп таңылған,
Жаным сүймес жауаптардан арылу,
Қас қағым сәт алыстасаң жанымнан,
Сол мезетте-ақ сенi, қалқа, сағыну.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері