Кешегi iзiн қайта басуға құмар күн – Есей Жеңісұлы

Бұл бетте «Кешегi iзiн қайта басуға құмар күн» атты Есей Жеңісұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 16.08.2021
  • 0
  • 0
  • 628
Кешегi iзiн қайта басуға құмар күн,
Көлегейлетiп әлсiз сәулесiн мұнардың.
Өзiме-өзiм күн сайын берiп мың уәде,
Түк бiтiрместен мен қартаятын шығармын.
Кешегi күнiм қайталануға әуес-ақ,
Кешегi күннен айырмасы жоқ болашақ.
Уақытпен келген сабырым ғана – сүйiнiш,
Ертеңiм – тағы тұтанбай жатар жерошақ.
Осы бiр марғау шақтарға әбден жан шыдап,
Өзiмдi-өзiм ширата алмадым қамшылап.
Өзгемен бiрге өзектiң қамын ойладым,
Телмiрдiм көкке төпелесе деп тамшы бақ.
Кешегi нұрын қайта төгуге мақұл күн,
Кешегi қызық қайталанса деп қапылдым.
Бiрiнен-бiрi аумайтын күндерге iлесiп,
Тiршiлiк деген керуенде келе жатырмын...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері