Қайдасың, қайран Құралай...
(Соғыс үзген үміт туралы баллада)
Айтылмаған әні бұл әз ананың,
Жазылмаған дастаны әкенің де.
Жылдар бойы кетірген мазаларын,
Айырылған кенеттен...
Қапелімде...
Арман бұл,
Жеткізбеген сағымданып,
Үміт бұл,
Қайта тұтанбаған.
Заманда,
Жанарларын жалын қарып,
Бақыты адамдардың бұтарланған...
Қос қария кешкен бастан бұл жайларды,
Жалғызын қан майданға аттандырған...
Бір күні үміттері тұлға айналды,
Ойласа,
Көңілдерін шаттандырған...
Майданда...
Бір шайқаста,
Қымбаты өліп — Бақтары солды,
Жүрген гүл еккелі...
Шыланды көз жасына,
Мұңға толып,
Жалғыздың тойын күткен жүректері...
Оқшау қап,
Көп құрбыдан бөлектеніп,
Қос қартты сәтке болсын еліктетіп,
Сылтау ғып әр нәрсені,
Көмек беріп,
Болашақ келін жүрген,
Келіп-кетіп...
Тағдырлары, тым қатал,
Үкім кесіп,
Қалғанын сезсе-дағы,
Түтін де өшіп,
Өздерін аялаған жап-жас қызға,
Қарайтын енді бұлар «шүкір» десіп...
Солардың қам көңілді жайын көріп,
Дегендей «Әлі өлген жоқ,
Тірі ұлдарың»
Жасыра, бір қайнатым шайын беріп,
Үйінен таситұғын тілім нанын...
Ақылы, Ажары бар,
Өрлігі бар,
Сол қызды,
Санап жүрген келініне,
Өз туған перзентіндей көрді бұлар,
Сүйінді ел төзімінің берігіне...
Арада жылдар көші шұбады да,
Қалаға,
Оқу іздеп,
Аттанды қыз.
Оралмай,
Содан қайта тұрағына,
Тарихтан өзіне орын тапқан бұл іс...
«Қайдасың,
Қарақат көз, Құралайым,
Ұяңа неге қайта оралмадың...
Мен сенен ештеңе де сұрамайын,
Келсеңші,
Жанға батты жоғалғаның...
Жандарды аясаңшы,
Қинады соңғы үміттің шошынғаны.
Көңілді жұбатушы ек қарап саған,
Ұлымның көзі едің ғой осындағы...»
Деп, ана қапаланды,
Күйінді де,
Жан еді, суға кетіп,
Тал қармаған.
Айналып үйдегі бір үйіндіге,
Жанында үміт артар жан қалмаған...
Шалы айтты өкініш қып,
Арман қылып,
«Қалқам-ау, тегі бізден.
Жүруші ең алдарқатып,
Келіп, кетіп,
Әкетті-ау біреу, сірә, жерімізден...»
Осылай,
Екі қария бүркеніп мұң,
Тағы да көңілдері жараланды.
Қыз болса...
Солған бәрі нұр-көріктің,
Аулаққа кетуді жөн санаған-ды...
...Жақсылық келді елді қуандыра,
Қасірет,
Қайғы — бәрі өткен еді.
Қос қарттың жанары тек суалды да,
Сол қыздың қуанышы көктемеді...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі