Өлең, жыр, ақындар

Апам және біз

  • 02.09.2021
  • 0
  • 0
  • 381
Төзіп тірлік қысымның ауырына,
Нөсеріне бой бермей, дауылына.
Орнына айырылған қос ұлыңның,
Басыпсың немерені бауырыңа.
Соным деп бар қайғыдан жуады ішті,
Сыйлар деп жан сусынын, қуанышты.
Таптым деп бойға қуат, дертке дауа,
Жылаған жүрегіңе жұбанышты.
Өсірдің, еркелеттің бетке қақпай,
Көндің де қалай жүрсе жеккен аттай.
Жерлерде сен отырған немереңмен,
Ығыстық біз ылғи да шетке, батпай.
Көңілде қалдырыпты ісің кесте,
Сөзсіз-ақ қаймықтырар түсің де есте.
Ант еткендей едік біз ешқашан да,
Көлеңке көңіліңе түсірмеске.
Саясында қиналмай күн көрсе кім,
Білмейді-ау хақ бақыттың мүлде өлшемін.
Жаныңда жүрген біздің бәрімізге,
Нұрлы азатың секілді бір бөлшегің.
Жалпағынан басқандай жалғанды біз,
Көрік беріп көңілге арман — қымыз.
Қызықтадық риза боп барымызға,
Екеуіңнің алдында бар дәмдіміз.
Екеуіңдей — Күніміз шуақтаған,
Екеуіңсіз арнадай су ақпаған.
Немере мен әжені құрметтеп көп
Махаббатын қызықтап, қуаттаған.
Жоқтатса да өмірдегі орны күнде,
Екі дүние тізгіні көнді кімге.
Жүріп кеттің бір күні мәңгілікке,
Немереңді қалдырып он бірінде.
Бейғам едім, кенеттен маған мұң кеп,
Кеудемдегі жіберді наламды үрлеп.
Жүрегімді ауыртты тұрғаны алғаш,
Сені ұмытып, анама «балаңмын» деп.
Ұғып тұрмын, иә, мен бәрін де ұғып,
Бала болу әжеге мәлім қылық.
Көріп бірақ тез болған «сатқындықты»
Ызам келіп, іздеді жаным бүлік.
Үлкеннің бәріне ортақ арадағы ұл,
Ауырлау мүмкін айып балаға бұл.
Алайда осы бір күн тұңғыш рет,
Жарықшақ түсіргендей санама бір.
Жүргенде барлап алдан арман шыңын,
Бекерге болардай-ақ таңдар шығын.
Опасыздық дегенді ойға салып,
Қылаң беріп өткендей алдамшы күн.
Жан дүниемде жарықшақ жар салдырған,
Хабар беріп айнала самсар мұңнан.
Араға жылдар салып, ержеткенде,
Сол сезім тағы шықты қарсы алдымнан.
Дегенмен бұл өмірдің заңы қатты,
Інімнің әлсіз тұсын танып апты.
Бір күні тастатты оған бала-шаға,
Әкеміз мұра еткен шаңырақты.
Тастады ол баяғыша оңай бәрін,
Көтертіп жарға қайғы, талайға мұң.
Иіріп от басына жетімдерді,
Зар етіп топты жанның арайлы әнін.
Әжетай, алдым сонда еске сені,
Өзіңді ұмытқанын кеп-кешегі.
«Өкпелеуі бек мүмкін ұмытты деп, —
— дедім, бірақ мұны әжем кешпес еді».
Әр әдеттің жастықта жолдасы бар,
Бастамай ма бәрін де болмашылар.
Тайқып шыққан әжеден сонау бір күн —
Осалдықтың бір ұшы сонда шығар.
* * *
Алдыңды, ия, біз сенің кесе өтпедік,
Бәрімізге бас сен деп есептедік.
Көңіліңе дық салып бірақ қанша,
Пендешілік жасадық неше өкпелік.
Әміршідей сыйлауды ғұрып қылып,
Емесін бірақ олай кіл ұқтырып.
Санаспадық, келмесе мүлдемізге,
Жүрегіңнің қалауын ұғып тұрып.
Бірге өскен, туғандай жақын маған,
Әлі есте Аққу апа хақындағы ән.
Бауырыңа басқан сол балапанды,
Кім сонда қайтаруды мақұлдаған.
Немерең еді ол сенің тұңғыш көрген,
Салған оны бауырыңа білгіштер кең.
Бауыр басқан ортадан бойжеткенде,
Жұлып алу қысас бұл кімге істелген!?
Бола алмаса біреуге біреу алаң,
Асықпайды-ау бір-бірін сүйеуге адам.
Сүйей алмай бір-бірін шаршатты ма
Екі қызың әлде екі күйеу балаң.
Ауыртатын жаныңды таңба бұл да,
Қандай сызат жүректе, қалды арыңда!?
Өз үйіңе бара ғой, қарағым, деп,
Аққуыңды апарып салғаныңда.
Өкпесіне екі үйдің құрбан болып,
Балалығын екіге тынған бөліп.
Қоштасарда айтқаның кетпейді естен,
Соңғы рет шашын өзің тұрғанда өріп:
«Ата-анаң сені тапқан солар, балам,
жайымды кешір менің көп алдаған.
Сендердің көз жасыңды көрсетпесе,
Алламның рақымы сол болар маған».
Салар-ақ бұл жай жанға әлі бұрау,
Айтқанмен үлкендіктің сабыры дау.
Көзімнің тірісінде үйіңді тап,
Мен қанша жүрер дейсің, жарығым-ау.»
Дедің сен мөлдір жасты тамшылатып,
Тұратын кез емес-ті жан шыдатып.
Қыстыға өксіп-өксіп жібердік біз,
Кеткендей тұщы етке қамшы батып.
Дем бергенмен сен бізге көңіл бірлей,
Томсарамыз не деудің жөнін білмей.
Апарып сап үйіне Аққуыңды,
Жүрдің кейін неше күн өңің кірмей.
Әміршідей сыйлауды ғұрып қылып,
Бағынғансып, алдыңда сынық күліп.
Жүріп ек қанша рет жаныңды біз,
Ауыртқанбыз бәрін де біліп тұрып.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Теміржолшылар жыры

  • 0
  • 0

Шежірелі құлан жортқан құм-далам,
белес-белес белдерден қол бұлғаған.
Болат жолдар жер бауырлап төсіңде
Жер-ананың жүрек күйін тыңдаған.

Толық

Би кешінде

  • 0
  • 0

Шаттық күйден өзгені ойлатпаған
сұлу әуен, сырлы саз ойнақтаған
жан дүниені баураса — еліктетіп,
қызығына ешқашан тоймапты адам;

Толық

Орын аға

  • 0
  • 0

Орын аға орнын тапқан өнерден,
өнерімен өсіп-өніп, көгерген.
Күймен бірге күмбірлесе ол егер
көзін алмай қол соғады көрермен.

Толық

Қарап көріңіз