Адам неге айуан сынды кейде бұл – Гүлжауһар Сейітжан

Бұл бетте «Адам неге айуан сынды кейде бұл» атты Гүлжауһар Сейітжан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 03.09.2021
  • 0
  • 0
  • 814
Адам неге айуан сынды кейде бұл—
жан дүниесін жын кергендей бейне бір.
Ыза-кектен қарш-қарш шайнап тістерін:
«Құның сенің бір-ақ тиын, — дейді, — өмір»
О, құдірет! Неліктен бұл?! Неліктен?!
Ақталмастан ауыр салмақ арқалап,
«Қорықпаймын! Куә бол, — деп — шартарап!»
өз қимасын өзі тастар балталап,
Ада болып мейірімдей ақ нұрдан,
Санасына қабат-қабат қақ тұрған
туыпты адам анасының бұтарлап
жіліктерін көк теңізге лақтырған.
Естіместен шырқыраған ащы үнін,
адам атты қос аяқты қасқырын
шырылдатып сан әйел мен сәбиді
айналдырды мазағына нәпсінің.
Сезімді улар у салғандай тағамға,
нұрын емес зәрін шашқан ғаламға,
мойын бұрмай махаббаттай самалға —
Адам ба сол?!
Айтыңдаршы, адам ба?
Ондайлар тек айуандыққа құл ғана,
дақ түсірген адамның нар тұлғаға,
Адам емес.
Адам емес ондайлар
Адамзаттың бетіндегі шын жара...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері