Бәрін сезіп-білетін бұлт ішінен – Мерей Қартов

Бұл бетте «Бәрін сезіп-білетін бұлт ішінен» атты Мерей Қартов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 11.09.2021
  • 0
  • 0
  • 959
Бәрін сезіп-білетін бұлт ішінен,
Сыр ұғамын тамшылар күлкісінен.
Содан кейін сімірем дүние-ай деп,
Қымыздықтың саумалын үрпісінен.
Қаңбаққа да қосылам қалбалақтап.
Мойнын созып қарайды паң қарақат.
Күнге тосқан маңдайын әр жуадан
Жұпар ауа жұтамын жанға рақат.
Тошалаға таңданам жүзі керім.
Сабағымнан мен де бір үзілермін...
Сай ішінде жүрегі лүпілдеген,
Бүлдіргенді сүйемін қызыл ерін.
Жусанның да иісіне шала маспын.
Мұңын ұғам мелшиген кәрі ағаштың.
Мен тіпті қасиетті Қара Өлеңмен,
Көңілін де аулаймын Қара Тастың.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері