Сүмбіле – Мерей Қартов

Бұл бетте «Сүмбіле» атты Мерей Қартов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 04.12.2020
  • 0
  • 0
  • 1367
О, Сүмбіле сүттей-ақ,
ұзақ күнім қысқарды.
Қарашаны күтпей-ақ,
қыр асырдым құстарды.

Су сүйегін суыттың,
бүрістірдің бүргенді.
Сөз демімен жылыттым,
кеудемдегі гүлдерді.

Сүмбіл шашты бақтардың,
иіскедім қошынан…
Сүмбілелі ақ таңның,
арайына асығам.

Жүрегімде – жыр ағын,
оу, Сүмбіле біл мұны.
Аспан мен жер тұрағын,
алмасармыз бір күні!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері