Дала көрдім – Мағиза Құнапияқызы

Бұл бетте «Дала көрдім» атты Мағиза Құнапияқызы жазған табиғат туралы өлең берілген.

  • 12.09.2021
  • 0
  • 0
  • 690
Қандай күш осыншама көрікті еткен?
(Есімді алып біттің елік көктем)
Бақ та емес гүл сататын дүкенде емес,
Дала көрдім қызғалдақ толып кеткен.

Көрсем де сарғайғанын, жасарғанын,
Көрсем де бусанғанын, босанғанын,
Шығатын керуенге қор қызындай,
Көрмеппін мұнша сұлу жасанғанын.

Көрсем де ағарғанын, терлегенін,
(Көп екен көргенімнен көрмегенім).
Кеткендей осында кеп гүлге айланып,
Бақытым қонбай кеткен көлге менің…

Қимаймын үзуге де, басуға да,
Қып-қызыл бауырсақтар шашылған ба?
Далада кірлегісі келмеген гүл,
Осында бір-ақ түнде тасынған ба?!

Қызғалдақ жауып кеткен дала көрдім,
Далаға тартып туған дана көрдім.
Қарсы алған өрттей болып кербез далам,
Кетерде күреңітіп қала бердің…


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері