Өлең, жыр, ақындар

Қыл кепеш

  • 12.09.2021
  • 0
  • 0
  • 300
(Поэма)
Марқұм апайым Зағыш Нұғысыман қызының рухына арнаймын

Ана дейтін құдірет алыптың да,
Өнерлісін қояды халық сынға.
Нағашы апайымыз болушы еді,
Құралай көз, қыр мұрын, нәзік тұлға.

Әсемдік пен өнер бар бір өзінде,
Жақтыратын дұйым жұрт мінезін де.
Еңгезердей шалдардың тон, шалбары,
Нәзік қолдан шығатын ілезімге.

Осы қолмен шеберлік өлшенетін,
Шым өрнекке қызығып ел төнетін.
Сол өрнектер құлпыртып жас отауды,
Қызбен бірге қыйырға жол шегетін.

Мұныменен тынбады есті кеуде,
Ұмыт бола бастаған көшті зерге.
Кепеш тоқып жылқының құйрығынан,
Жатқандығын сенбеді ел естігенде.

«Қартайғанда барып жүр қай қадамға?
Пендешілік ол жанды жайлаған ба?
Жуан да емес болмаса қыл құйрықтан,
Кепеш тоқып шығады қай заманда»?!

Қайсар жанға бата алмай жеріпті мұң,
Тоқымақ боп талайлар елітті мың.
Нәзіктерді әлжуаз сезеді жұрт,
Нәзіктердің сезбейді беріктігін.

«Бұл жерде шешен де өтті, шебер де өтті,
Бұл басқа нелер келіп, нелер кетті,
Онсыз да дөңгеленген дүниенің,
Жүрісін дөңгелектер жеделдетті

Ел едік ұран шықса қаны қызған,
Бұлбұл құс хабар берген таңымыздан.
Сағатпен тықылдаған жарысам деп,
Барамыз айырылып барымыздан.

Қыл кепеш сәнмен киген сөзі зерден,
Ән салса тыңдарманы өзі келген.
Серілер өтті десе кім сенеді,
Біз айтпасақ кезінде көзі көрген.

Сол кепешті елге сый етейін бе,
Перзенттік парызымды өтейін де.
Көзі құрғыр бұлдырай бастағанмен,
Тоқылуы сайрап тұр көкейімде».

Неше күні, жалғасты неше түні,
Белгілі ғой көп азап кешетіні.
Қиын жолын өнердің жалғамаса,
Мұралардың жалғаспай өшетіні.

Мұра өшпес апайым өзің барда,
Сенде бітпес өнерге сезім бар ма?!
Қанша мығым ,қайратты болғанымен,
Дәл осындай еркекте төзім бар ма?!

Елден ерек өзіңді дара санап,
Барушы едім маңыңа жанасалап.
Бітіргенде ақыры сол кепешті,
Қолдан қолға ап кетті ел тамашалап.

Ешкім бөгет бола алмас талғамыңа,
Өнер жайлы жеттің бе арманыңа.
Қиын зерді біз тоқып үлгергенше,
Іліп кетті сұм ажал қармағына.

Ажал неге жақсыны тез іледі,
Сағыныштан ет жүрек езіледі.
Араласам ауылды бір шетінен,
Өрнектерің үй сайын кезігеді.

Кесте тігіп баланың жейдесіне,
Отырғаның оралад кейде есіме.
Майыстырып сызатын «Мүйіздері»,
Саусағының ұқсайтын бейнесіне.

Келмесе де дауысың құлаққа анық,
Сол өрнектер тұрғандай сыр ақтарып.
Ұлт мұрасын жалғайтын ұрпақпысың,
Деп мені тергегендей сұраққа алып.

Азды ұрпақ қайткенде жөнделемін?
Тіл тартылды…
Қай еммен емделемін?
Жазған жырым көңілге қонбай жатса,
Қыл кепештің алдында тергелемін!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жұпар ауа

  • 0
  • 0

Сұрай сұрай талықсыдым тағдырдан,
Бір жақсылық күтіп мына жаңбырдан.
Алма ағашы қатар-қатар тізілген,
Аппақ гүлін төсеп жатыр алдымнан.

Толық

Атырау

  • 0
  • 0

Атырау!
Тағы жыр боп ағытылдым,
Тоқтайтын тұсы сенсің бағытымның.
Шақ қалып жығылуға жүрем сенде,

Толық

Жанып бітті сезімдер

  • 0
  • 0

Жанып бітті сезімдер шоққа айналды,
Саған деген сағыныш жоққа айналды.
Аялайтын жаныңды шырын сөзім,
Айтқан сайын жаралар оққа айналды.

Толық

Қарап көріңіз