Өлең, жыр, ақындар

Қызыл шолпы

  • 12.09.2021
  • 0
  • 0
  • 1013
Жайлау дейтін кең байтақ гүл алаңда,
Балалығым қалуға ұнаған ба?
Долананың жемісін тағушы еді,
Шешем маған.шолпы іздеп жылағанда.

Бірге күліп төбеден күн күлгенде,
Қорқушы едім бұлт ызғар білдіргенде.
Шешем сонда қып-қызыл қыр гүлін де,
Тым болмаса тақпапты бүлдіргенде.

Тілі шықса қызықтап салғызып ән,
Артық көрген өз қызын хан қызынан.
Шешем сонда жайлаудың тошаласын,
Тым болмаса тақпапты жалбызынан.

Тауға қарап ұшады тау сағынған,
Ішсең бақыт жайлаудың кәусарынан.
Доланадан шолпы үзіп тағамын деп,
Қан саулаттым сан рет саусағымнан.

Өткен күнім ұқсайды түс көргенге,
Өзге жеміс жаз өтіп түскен жерге.
Қызыл шолпы- қырдағы доланамен,
Түспей жүрді шашымнан қыс келгенде.

Қолым менің жүр жетпей арманға түк,
Кезім көп ой теңізге қалған батып.
Содан бастап өмірде шын күлсем деп,
Іздемедім өмірден арзан бақыт.

Жайлау дейтін кең байтақ гүл алаңда,
Балалығым қалуға ұнаған ба?
Долананың жемісін тағушы еді,
Шешем маған.шолпы іздеп жылағанда !..



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Толқын тістеп тауысқан

  • 0
  • 0

Сағындым деп сен мені сендіргенде,
Ақылыңды сезімге жеңдіргенде.
Тиер-тимес аяғым жерде қалқып,
Жүргендеймін шомылып мөлдір көлге.

Толық

Қызыма

  • 0
  • 0

Ұйқыға тәтті бөленген шағың,
Ғажайып елес,гүл сағым.
Ұлпадан нәзік мұздаса тәнің,
Мейірімменен жылытамын.

Толық

Сол күні

  • 0
  • 0

Туу, өлу десек дағы заңдылық,
Тағы да бір кілт үзіліп қалды үміт.
Аямайтын болып алды сұм ажал,
Қара өлеңді қариясыз қалдырып.

Толық

Қарап көріңіз