Жауып тұр күздің жаңбыры – Тоқтарәлі Таңжарық

Бұл бетте «Жауып тұр күздің жаңбыры» атты Тоқтарәлі Таңжарық жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 14.09.2021
  • 0
  • 0
  • 865
Жауып тұр күздің жаңбыры,
Түрі жоқ тіптен ашылар.
Бей-жайға мені қалдырып,
Басылар көңіл тасыған.
Тұмандар шөккен атырап,
Қиялды мұңға батырар.
Сарғайған сорлы жапырақ,
Ұшады ағаш басынан.
Табыстап жерге ғұмырын,
Әйнектен тамшы жосылар.
Шылымның сорып шырынын,
Мұңайып жалғыз отырам.
Үніңде сенің зар-мұң бар,
Ашынған жүрек аһ ұрар.
Қасірет толы тағдырлар,
Шыланар көздің жасына...
Жанарға жасын мұң іле,
Жауар да жаңбыр басылар.
...Өткінші өтер дүние...
Сенбеймін бірақ осыған...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері