Өлең, жыр, ақындар

Абайға

  • 14.09.2021
  • 0
  • 0
  • 803
Абайға мен қараймын, Абай – маған,
Өткір, ойлы көзбенен абайлаған.
Құлағыма келеді қоңыр үні:
«Барасың сен,— дегендей,— қалай, балам?»
«Абайла»,— деп қарайды Абай маған,
Қадам сайын қайтсем сақ, абай болам?
Ойлар кешкен басымнан керуен көшіп,
Өтіп кеткен сияқты талай заман.
Тақиялы, тәкаппар, таныс тауым,
Арман болып жақындап, алыстадың.
Ақындарға ақылдан алтын көпір
Салып беріп кеткен бір данышпаным!
Атақ емес, адамсың ар ойлаған,
Атыңды естіп, әр күнмен арайланам.
Алға қарай бір қадам басқан сайын
Секілдісің артыңа қарайлаған.
Ашыныпсың «жұртқа» сөз тыңдамаған,
Жерге де алаң болыпсың, күнге де алаң,
«Соқтықпалы соқпақсыз жерде өсіп,
Мыңмен жалғыз алысқан жұмбақ адам...»
Жалғыздықтан жалықсаң, болмай күйің,
Шартарапты шырақ боп шарлайды үнің.
Өзіңнен соң сөз сөйлеп, бұл қазаққа
Қалам алу қолына қандай қиын?..
Қайда барсам, сөзіңе кезігемін,
Көздеріңнен алмайды көзін елім.
Өлең жазсам, Музаның шырқауынан
Өзің қарап тұрғандай сезінемін.
Батыс жаққа қарапсың рухтана,
Күн шығарып ұрпаққа біліп, дана.
Өмірден бұл өтіпсің күңіреніп,
Патшаға да бас имей, ұлыққа да...
Сезімменен құрады ақыл егес,
Кімге әділет, кімдерге жақын елес.
Ұмытқандар Абайды адам емес,
Ұмытқандар Абайды ақын емес...
Сәуле шашқан әр сөзі жақұт па еді,
Сезілетін адамдық уақыт демі.
Сиынатын алдында Абайы бар
Менің елім не деген бақытты еді?!
Ой көзімен қарайды Абай маған:
«Халің сенің,— дегендей,— қалай, балам?»
Абай мәңгі тұрады Абай болып,
Талай дәуір өтсе де, талай заман.
Абайға мен қараймын, Абай — маған!..



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Армандылар өткен екен аһ ұрып

  • 0
  • 0

Армандылар өткен екен аһ ұрып,
Кеудесінен қайғы көлін сапырып.
Кейінгілер есіне ала жүрсін деп,
Өздерін де тас қып кеткен қатырып.

Толық

Тұнжыр ой, тұман, тұнжыр күн

  • 0
  • 0

Тұнжыр ой, тұман, тұнжыр күн,
Еңсемді басып езеді.
Тұманнан туған бұл жырдың,
Көрінбес көзге өзегі.

Толық

Айданаға

  • 0
  • 0

Айналайын балапаным Айданам,
Саусағыңды ақ сәуледей жай, маған.
Аңсап барып сүю үшін өзіңді,
Мазасыз бір жер анадай айналам.

Толық

Қарап көріңіз