Өлең, жыр, ақындар

Тамыр

  • 14.09.2021
  • 0
  • 0
  • 565
«Тамыр» деймін, тамыры бар жыр атын,
Тоғыстырып арман үміт, мұратын,
Кіші-гірім ұқсап шулы вокзалға,
Мен туған үй жол үстінде тұратын...
Сол бір күндер мазалайды түске еніп,
Көктем менен кетті қанша қыс келіп.
Шаршап келіп, аңсап келіп айдыннан
Қонып бәрі, аттанатын түстеніп.
Кең пейіл сол мінезіне даланың
Ұқсап туған аңқау, ашық баламын.
Қарсы алатын ақ дастарқан жанымен,
Менің анам шытпастан еш қабағын.
Бұрды қанша өмір ағыс арнасын,
Келіп-кетер уақытқа бар ма сын.
Әкемнің бір орыс досы келетін,
Әрең тартып алма толы арбасын.
Жас болсақ та, о, біз қандай сабырлы ек,
Жол беруші ек қонақтарға қадірлеп.
Әкемді іздеп Иван, Коля келетін:
«Ассалаумағалейкум, тамыр!»— деп...
Сол бір сөзден жаңғыратын бар алап,
Аққу құстар қанаттарын тарап ақ,
Әкеме айтқан «тамыр» деген сол бір сөз
Кететұғын тамырымды аралап.
Қиялымда жүзіп арман, жаңа күн,
Жанарымда жалын оты жанатын.
Сондағы қос тамырлардан таралып
Достық – емен жайды кеңге қанатын.
Түседі еске сонау бала шағым кеп,
Біздер пештің, олар қазан нанын жеп,
Бір-бірінің есімдерін атамай,
Атайтұғын бірін-бірі «тамыр» деп!
Сол бір сөзді айту қиын мақтанбай,
Кіршігі жоқ көңілдері ақ таңдай.
Жер үстінде тамыр тартқан әкелер
Жер астында тамыр тартып жатқандай.
Болашаққа сыйлап күннің жарығын,
Тіршіліктің татқан бірге бал уын,
Бәйтерегін мәуелетіп достықтың,
Жайыпты олар жүрекке өмір тамырын...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бұған дейін шыдадым, шыдап кеппін

  • 0
  • 0

Бұған дейін шыдадым, шыдап кеппін,
Жұлдызынан күн жасап құрап көктің.
Білесің бе, ей дүние! Мен өзіңнен,
Жылап келіп, келмейді жылап кеткім.

Толық

Ағыны жаға жанып атқылаған

  • 0
  • 0

Ағыны жаға жанып атқылаған,
Айтады арман жайлы ақ бұлақ ән.
Секіріп тастан-тасқа толқындары,
Күледі жас баладай пәк күнәдан.

Толық

«Күледі» деп...

  • 0
  • 0

Күледі деп, иілсін, бастар иілген,
Күледі деп, безбеймін киіз үйімнен.
Қазақ екенім, шын болса, неге ұялам,
Қазақша сөйлеп, өз шапанымды киюден.

Толық

Қарап көріңіз