Оят мені – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте «Оят мені» атты Қанипа Бұғыбаева жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 14.09.2021
  • 0
  • 0
  • 1003
Жел боп кіріп көңіліме жабыққан,
Оят мені ақ сәулеңмен, жарық таң!
Сұлулыққа таңдануды о баста
Мінезіме ана сүті дарытқан.
Арнасыз боп аққан судай бетімен
Көптен бері ұйқышыл боп кетіп ем.
Сәйгүліктер, кең далада дүбірлеп,
Оят менің өмірімді, өтінем!
Ей, уақыт! Мені өзіңмен ерте кет,
Жастық отты жалыныңмен өртеп өт.
Оят мені, жапырақтар, сыбдырлап,
Сырлар шерткен қоңыр желге еркелеп.
Көңілімде жыр толқыны туламай,
Тыныш ойдың тұла бойды буғаны-ай.
Оят мені, жымыңдаған жұлдыздар,
Түнгі көктен кербезденіп туған ай.
Маза берме, ақын көктем, әнші бақ,
Күңгірт тартқан бөлмемді кез, таң шуақ.
Оят мені әрбір келген көктемнің
Дауылымен, жауынымен қамшылап.
Құпия әлем, шырқау көкке құмармын,
Шығысымнан алтын айдар шығар күн.
Оятып ал, арман-мұңым, өзің кеп,
Желпіп мені қанатымен қыранның!
Маза берме, жан-жүрекке бер шабыт,
Қуанайын сағынышымды қарсы алып.
Оят мені, қоңырау үнді бозторғай,
Тас төбемнен тал түс кезде ән салып.
Шұғылаға шомылған ақ таңдарым,
Басталмаған сапарларым, жолдарым.
Оятып ал, мені күткен істерім,
Алдымдағы ұлы мақсат, арманым.
Көтермейді көңілімді көне жыр,
Шертші, бауырым, уақыт күйін, кәне, бір?
Ырғағыңмен жан-дүниемді сілкілеп,
Оятып ал көп ұйқтатпай мені, өмір.
Шың басынан жанатындай бір шырақ,
Алтын құстың қанатындай күн шуақ.
Оят мені бейғам, қалың ұйқыдан,
Жыр жолдары, маза бермей шымшылап.
Береді әсер қызыл-жасыл гүл түсі,
Келе берсін сағыныштың жыл құсы.
Кенет бомба жарылысы оятпай,
Мені оятсын сәбилердің күлкісі...
Елігіп бір бұлбұл құстың үніне,
Үн қосайын табиғаттың тіліне.
Көкжиектен көкжиекті ашып бір,
Оят мені, қызыл-жасыл дүние!..


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Оят мені өлеңінің авторы кім?

Қанипа Бұғыбаева — осы өлеңнің авторы.

Оят мені өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Оят мені өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Қанипа Бұғыбаева өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Оят мені өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері