Есер басым елден безіп, елесті құр іздесем – Несіпбек Айтұлы

Бұл бетте «Есер басым елден безіп, елесті құр іздесем» атты Несіпбек Айтұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 22.09.2021
  • 0
  • 0
  • 772
Есер басым елден безіп, елесті құр іздесем,
Туған далам, сірә менен күдеріңді үзбе сен.
Қиыр кезіп жүргенімде жасқа толып жанарым,
Аруанадай аспан кезген ақ бұлтыңмен жүздесем.
Шартараптан шақырғанда шамын жағып сан үміт,
Елегізер менің жаным шырқау көкті сағынып.
Өмір бақи қаталаумен, құмарым бір қанбастан,
Сапарларда шалдығармын салбуырын боп сабылып.
Кім бар сонда алабұртсам көңілімді ұғынар,
Ұясынан алыс ұшса торғайдың да мұңы бар.
Тепкіш жүрек тынғанынша тоят таппай дүниеден,
Бал тірліктің базары мен қызығына құнығар.
Шынымен-ақ елден кетсем жел айдаған қаңбақтай,
Бұйырмай-ақ қойсын бақыт маңдайыма бармақтай.
Тым болмаса жырымменен алдандырып өтермін,
Жалқы жүрек сағыныштан жарылса да жаңғақтай.

1976


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері