Өлең, жыр, ақындар

Сескену

  • 19.02.2022
  • 0
  • 0
  • 1299
Балалық кезім бүр атып,
түндерде қиял қамаған,
Өзін де, мені жұбатып,
ертегі айтатын жан анам.
Ертегі – жанымның жақыны,
өтетіндеймін мұң көрмей.
Қазақтың барлық батыры
біздің үйді қорғап жүргендей.
Екеуден-екеу қалғанда
(бұл күйді кештік жиі біз),
толатын аңыз жандарға
алтықанат ақбоз үйіміз.
Жалғыздығым еске түскенде,
жанымның көгін бұлт қамар.
Білмесем мұңнан не істерге,
жұбататын Баян, Құртқалар.
Бала болсам да сенделіп,
жабырқау күндерім өтетін.
Сонда Аяз, Төстіктер келіп,
ағаларым боп еркелететін.
Киіз үй. Іңір. Кешкі ертек.
Қиялды кезген бала арман.
"Жасқанба жаннан.
Сескен тек
Құдайдан қорықпағаннан",-
деп анам сөзін тәмәмдар,
біткесін аңыз, жырлары.
Тамырыңды тарпып, жан арбар
жұлдызды түндер қырдағы.
Ертегі, аңызбен кеңестім,
күйге ендім, толқып, не түрлі.
Жалғыз болсам да, мені ешкім
жасқай алмайтын секілді.
Қуат құйғандай жыр күші,
өтер жандаймын бас ұрмай –
Қарлыға қыздың сіңлісі,
Қамбардың қарындасындай.
Енді сирепті күлкім де,
жарқылсыз, бұлттай түйілем.
Білмеймін неге – бұл күнде
сескенетін болдым жиі мен.
1990



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сен менің жанарыма жас тұндырып

  • 0
  • 0

Сен менің жанарыма жас тұндырып,
өзгеге көңіл кілтін аштың күлігі.
Ошаққа отырғызып кетті мені
әне бір ұзын бойлы ақсұр жігіт.

Толық

"Тартады бозбаланы магнитім..." Майраның әндері

  • 0
  • 1

Баянның бақтарында,
шың-құзды шатқалында
ерке өскен жас маралмын,
шомылып ақ сағымға.

Толық

Мен қорықпаймын

  • 0
  • 1

Мен қорықпаймын
сұсты тұлғаларыңнан, асқарларым,
жанартаулардан лапылдап шашқан жалын.
Көңіл-сұңқар емес пе - келеді ылғи

Толық

Басқа да жазбалар