Өлең, жыр, ақындар

Найзағай

  • 24.09.2021
  • 0
  • 0
  • 1837
...Ырғып бұлттан түсер жайдай.
Қасым Аманжолов

І
Жарық дүние қымбат қой жан біткенге,
Жәндік екеш жан тәтті жәдіктерге.
Ғұмыр керек күллі бұл табиғатқа:
Барлық орман,
Барлық тау,
Барлық көлге!..
Әр минутын уақыттың тегін деме!
Ғұмыр керек тасқа да, темірге де.
Ажал төккен оққа да ғұмыр керек,
Арзан болсын адамға өмір неге?
Ажал десе, белгілі...
Мұң басады.
Ал бірақ та кім қашан мың жасады?
Қызығына тірліктің тойған кім бар,
Ұзақ ғұмыр кешуден кім қашады?
Толастатып талайлар өз дүбірін,
Тозды бұрын,
Ғасырлар озды бүгін.
Шыбын жаннан кімдер бар безетіндей,
Кім арзанға балайды өз ғұмырын?!
Арзаны бар ғұмырдың, қымбаты бар:
Бір ғұмыр бар
Жарқырап шыңда тұрар.
Бір ғұмыр бар
Жалп етіп құлап түсіп,
Өзін өзі тереңге шым батырар.
Бір ғұмыр бар
Қыранның қанатындай,
Жиырмасында жарқылдар жай отындай.
Бір ғұмыр бар
Бықсумен ғасыр бойы,
Ғасыр бойы жылт етпей қалатын жай.
Жебегенде сенім мен үміт ерен,
Ерлік аттар ажалдан түбі терең.
Өлілер бар
Тіріден көш ілгері,
Тірілер бар
Өліден күні төмен.
Отқа салып сан сойқан, сан бүліктер,
Жанды қанша армандар, жанды үміттер.
Қызыл жалын ішінен тіл қатады:
Матросов,
Гастелло,
Әбдіровтер!..
Рухынан ерлердің от өрілер,
Мәңгілікке маздайды жетелілер.
Атқан таңмен бірге олар қанат қағып,
Шыққан күнмен бірге олар көтерілер!..

ІІ
Қамап алып қастандық шыр айнала,
Шайқалса өмір тұнығы лайлана,
Жылайды жер,
Жылайды ел,
Жылайды ана!
Жыламайтын жалғыз-ақ құдай ғана.
Досың күйіп, қанқұйлы қасың күліп,
Арпалыстар алапат ашындырып,
Сен де кеше, Дон-ана, аза тұттың,
Толқындарың ақ бұйра шашын жұлып.
Күңірендің, егілдің, еңіредің,
Көк тұманға көміліп төңірегің.
Көзбен көрдің сұрапыл соғыс сұрқын,
Кескілесті алдыңда өмір-өлім.
Бетпе-бет кеп тажалмен ажал атты,
Қыршын ерлер көрсетті ғаламатты.
Отқа оранған бір ұлың қас жауыңа
Шырқау көктен шүйілігіп бара жатты.
Байқадың сен бәрін де қас қағымда,
Ізі қалды жарқ етіп аспаныңда.
Үні қалды саңқ еткен ең соңғы рет
Қатпар-қатпар ауаның астарында.
Долданасың ызадан, долданасың,
Буырқанып,
Булығып,
Толғанасың.
Сол қыранды қайтадан самғатарлық
Құдірет-күш бойыңда болмағасын.
Шаттығынан тірліктің наласы көп,
Жүрегінде жан бар ма жарасы жоқ?
О, кәрі Дон!
Көңіл айт,
Көргеніңді айт,
Жағаңда тұр Нүркеннің анасы кеп.
Сағыныштан санасы қаңыраған,
Ана кеп тұр алыстан,
Аңыраған.
Ақша бұлттар,
Аялап, жұбатыңдар,
Ақ толқындар,
Айтыңдар сабыр оған.
Өткір өксік қолқасын пышақтаған,
Бағжан жатыр қабірді құшақтаған.
Жатыр оның жүрегі осы арада,
Тұрақ болып қара жер үш-ақ қадам.
Талықсиды өң мен түс арасында,
Тайталасып сан сезім санасында.
Ей, Тынық Дон!
Құйсаң да бар суыңды,
Қасірет өртін өшіре аласың ба?!.
Аулақ кетіп мүскін зар, масыл қайғы,
Неге ғана мауқы бір басылмайды?
Неге ғана жер қойны ашылмайды?
Неге ғана Нүркені атып тұрып,
«Апалап» кеп мойнына асылмайды?
Оның жүзін жасырған сұр топырақ,
Неге онан да өз жүзін жасырмайды?!
Міз бақпады қара жер, тіл қатпады,
Тіл қата алмай самал жел сырғақтады.
Ескерткіш те үн-түнсіз тұнжырады,
Гүлдер сүртіп көз жасын құрғатпады.
Дүние тұрды анамен бірге жылап,
Тас төбеден жаныштап мұң батпаны.
Ұлын тауып бере алар кім анаға,
Бедірейген көктасқа жұбана ма?!
Ескерткіштер –
Ерліктің елесіндей,
Соғыс салған жараға куә ғана...

ІІІ
Көкке ұшырмақ қас дұшпан күлімізді,
Қараң қылмақ жап-жарық күнімізді.
Соқыр етпек ойып ап көзімізді,
Мылқау етпек кесіп ап тілімізді.
Бірімізге байлатпақ бірімізді,
«Өлімізге» айдатпақ тірімізді...
Жауыздықтың итіне тақымдатып,
Көрге қарай апармақ жақындатып.
Анамызды,
Қайнатпақ баламызды
Қазанында азаптың сақылдатып.
Өзімізге қаздырып көрімізді,
Жерімізді жайламақ – төрімізді.
Сайрандамақ мәңгілік,
Ойрандап ап:
Орманымыз,
Тауымыз,
Көлімізді.
Қастандықтың асығы алшы тұрып,
Жатты бір сәт әділдік қан түкіріп.
Майдандасты ізгілік айуандықпен,
Демін тартып дүние, қалды тынып.
Астаң-кестең дүние күркірейді,
Адам түгіл, көктегі бұлт үрейлі.
Күйретердей қара жер қабырғасын,
Снарядтар соққылап, сілкілейді.
Ыстық шарпып жер беті өртенеді,
Өксіп-өксіп табиғат шер төгеді.
Шұрқ-шұрқ даланың омырауы,
Жарасынан өзінің жеркенеді.
Көк ормандар жамылып қара киім,
Тартты өзендер өкіріп аза күйін.
Оқпен бірге ұшады сақ-сақ күліп
Арсыз ажал ақ азу, алақұйын.
Оңды-солды бұрқырап оқ бораны,
Бұтағына талдардың от қонады.
Төбесінен бомбалар бір қойғанда,
Зәулім үйлер заматта жоқ болады.
Жер менен көк аянбай соққыласты,
Ерегесе сілтесті оқ құлашты.
Кір шалмаған күнәсіз табанымен
Сәби өмір шырылдап шоқты басты.
Талайларға қарғыстай қадалып оқ,
Біреу өлді, ал біреу жаралы боп.
Қанатынан бұлттардың қан тамшылап,
Өрт ішінде лапылдап жанады көк.
Қалың жаудың шүйлігіп төбесінен,
Қырандар жүр соғардай денесімен.
Зіркілдейді фашистер зеңбірегі,
Өлім шашып аспанға өңешінен.
Кеудесіне қорғасын кек байланып,
Екі көзі ызадан оттай жанып,
Бомбалауда Нүркен де жау ұясын,
Самолетін құйғыта, көкті айналып.
Құйылып кеп, жамсата жайпап өтіп,
Тайқып өрге шығады қайқаң етіп.
Жамырата жаудырып кек бомбасын,
Ес жиғызбай соғады қайта жетіп.
Барған сайын күйініп, күшке енеді,
Зығырданы қайнайды, тістенеді.
Жанарында – сұрапыл жау кескіні,
Одан басқа көрмейді ештеңені.
Оқпен бірге зулайды араласып,
Қорқау ажал қуады аран ашып.
О, сұмдық-ай!
Петяның самолеті
(Петр Вычугжанин – Нүркенмен қатар қаза тапқан ержүрек ұшқыш)
Кенет төмен жөнелді ала қашып.
Орап алып барады қара жалын,
Қарқ-қарқ күліп, соқты ажал барабанын.
Шлемофоннан саңқ етті соңғы дауыс:
– Хош бол, достар!
Таусылды бар амалым!
Бордай езіп бойдағы, қуат-күшті,
Қас қағымда самолет құлап түсті.
Жанұшыра Нүркеннің «Петя!» деген
Құлындағы дауысы құраққа ұшты.
Орман, дала бір-бірін жылап құшты.
Тіл байланып, шыңылдап қос құлағы,
Кек семсері жүрегін осқылады.
Көз алдында дүние тұманданып,
Көз алдында шыңырауға дос құлады.
Қайғы-қасірет бар ма екен бұдан өткен?
Қысқа айналып, қысқандай бұла көктем.
Қаһарланды ер ұлан:
– Дүлей дұшпан!
Сені құртпай түспен, – деп, – мына көктен!
Көрмей қауіп-қатерді шыбын құрлы,
Самолетін жалма-жан шұғыл бұрды.
Жасын құсап жарқ етіп, соғып өтіп,
Жауыздарды жанынан түңілдірді.
Ұрғылады бомбаның астына алып,
Ұшқын атты снаряд, тасты жарып.
Зіл-зала боп, зеңітіп майдан үсті,
Күңіреніп Дон-Ана жатты налып.
Өршелене, өкшелей жабыла атқан,
Қиямет қой құтылу қалың оқтан.
Солқ етті де, зулады жерге қарай
Самолеті өзінің жалын атқан.
Командирдің келді үні шырқыраған:
– Секір, Нүркен!
Құлайсың, сұрқы жаман!
– Қош болыңдар! –
Саңқ етті ақтық даусы
Қою түтін ішінен бұрқыраған.
Соңғы арпалыс,
Соңғы сөз,
Соңғы бір сәт,
Секундтар соңғы ойға берді мұрсат.
Көк төсінен үңілді ол ақырғы рет
Жатқан жауға төменде жерді құрсап.
Жан түкпірін сілкінтіп құдіретті,
Суық ойлар санасын тіліп өтті.
Туған дала,
Туған ел,
Туған ана,
Көз алдына бірі кеп, бірі кетті.
«Қош!
Қош!» – деді, еріні күбір етті.
«Қош, құлыным!» дегендей ана қалды,
«Қош!» дегендей күңіреніп Қарағанды.
Дерт құшағын қасірет айқара ашып,
От көрпесі әп-сәтте орап алды.
Қарауытып өлімнің соқыр түні,
Қанды ауызы ажалдың көпіршіді.
О, ғаламат!
Жарқылдап найзағайдай,
Жанарынан Нүркеннің от ыршыды.
Қанатында қаһардың долданады,
Әттең, дүние-ай, қапыда торлағаны!
Шалып қалып қиядан жау танкісін,
Төбесінен шаншыла сорғалады.
Ағынымен алапат соқты келіп,
Гүрс етті де, көк түтін кетті көміп.
Жарылғандай қара жер тітіренді,
Көмейіне ыза мен кек тіреліп.
Бұлттар-дағы булықты, қалтырады,
Қан жылады қаралы көк түнеріп.
Аунап түсті дүние, ыңыранды,
Қас дұшпанның орнында күлі қалды.
Қызыл жалын аспанға көтерілген
Қызыл бұлттай алаулап тұрып алды!..

ІV
Ерік берсе қайғыға, бақ жана ма?
Жерден басын көтерді Бағжан ана.
Күні кеше қан майдан, қырғын өткен,
Назар салды момақан маң далаға.
Бесігіндей ерліктің Дон даласы,
Нүркенінің бұл-дағы болды анасы.
Дон даласын торыған тонамақ боп
Талайлардың қалыпты жолда басы.
Теңселдіріп теңіздей алып қырды,
Ту көтеріп Бағжанды халық тұрды.
Тебірене,
Емірене сөйледі ана,
Қабағына қондырып жарық күнді.
– Ерлік қана ежелден мың жасаған,
Өмір үшін күресер, тынбас адам!
Қарашығым – Нүркенім, ұлым қымбат,
Ал бірақ та Отаным қымбат одан!..
Ана сөзі үйіріп алды көпті,
Күрсіндіріп, жылатып жан-жүректі.
Дон даласы жаңғырып, дүр сілкініп,
Толқын тулап,
Орманда тал дір етті.
Ерлік рухын мезгілдер жұта алар ма?
Қыран қанат талмастан ұшады алға.
Нүркен атын ән қылып, шырқап тұрды:
Егістер де,
Гүлдер де,
Бұталар да!..

V
Артқа тастап айларды – өліараны,
Бұл араға сан ұрпақ келеді әлі.
Елестетіп сұрапыл суреттерді,
Кереметін ерліктің көре алады.
Келер мұнда:
Бақытпен қауышқандар,
Жүрегінен жыр менен ән ұшқандар.
Тағзым етіп аналар,
Балалар да,
Басын иіп тұрады данышпандар!
Таң атады, айналып күн шығады,
Жылдар мәңгі жастыққа құлшынады.
Қызғалдақтар басында құлпырады,
Нүркенді орап жатады жыр шуағы!..

1977



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Әлқисса

  • 0
  • 0

Басынан көне тарих төмен құлдап,
Тағдырын туған елдің келем жырлап.
Өзегім талып жеткен Тәуелсіздік,
Өмірде не бар екен сенен қымбат!?

Толық

Үміттің сынық кесесі

  • 0
  • 0

Суынған жүрек сыр төкпес,
Сарқылған көздің жасындай.
Безерген тағдыр бүлк етпес,
Қайғының қара тасындай.

Толық

Күнгейге түскен қардай

  • 0
  • 0

Алысты жүйрік көңіл арман етер,
Адымдап оған қайсы пенде жетер?
Қанаты қайырылғанша қайран үміт,
Құйындай жел көтерген дөңгелетер.

Толық

Қарап көріңіз