Алатаумен сырласу

Бұл бетте «Алатаумен сырласу» атты Несіпбек Айтұлы жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 24.09.2021
  • 0
  • 0
  • 783
С. Сейфуллин ұсталарының алдында Алатауға дүрбімен қарап, көп тұрыпты...

Ойыма қайдан түсті бұл бір өлең,
Семсердей өзегімді тілгілеген.
Алатау, есіңде ме, тұрыпты ақын
Соңғы рет саған қарап дүрбіменен.
Ол күндер қайтып келмес бізге бөтен,
Барлық сыр таусылар ма тізбелесем?
Қатпарлы қожыр-қожыр қойнауыңнан
Жанары сонда нені іздеді екен?
Ұстатпай аласұрған арман ұшы,
Болдың ба бір-ақ сәттік алданышы?
Саулатып қанатынан қара нөсер,
Бұлт болып келді ме әлде аунағысы?
Ғайыптан ғажайып бір құсқа айналып,
Қалды екен сол мезетте ұшпай нағып?
Кенеттен көкке атылып кетсе нетті,
Жалынан найзағайдың ұстай қалып.
Бұлқына теуіп шығып тереңдегі от,
Күтті ме сенен қуат,
Сенен медет?
Тұрды ма шарықтаған шың басынан
Үміттің ұлар құсын көрем бе деп?!.
Шынымен салдың екен нені есіне,
Мұнартып, мұңайттың ба елесіңе?
Шыққысы келді ме әлде бір-ақ ырғып
Дүрліккен дүниенің төбесіне?..
Өмірден келмей әсте түңілгісі,
Келді ме тереңірек үңілгісі?
Жалт етіп жықпылыңнан көрінді ме
Бір сәтке елес беріп бүгінгісі?
Телміріп тасыңдағы іздеріне,
Жоқ, әлде жастық шағын іздеді ме?
Тіс жармай, томсырайып қалып едің,
Мелшие қарап тұрсың бізге, міне...
Несіне күмілжисің, сөйле бүгін,
Табиғат төкпей ме екен кейде мұңын?
Анау бұлт желбіреген өзі емес пе
Ақынның аппақ сүттей көйлегінің?!.

1980


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Алатаумен сырласу өлеңінің авторы кім?

Несіпбек Айтұлы — осы өлеңнің авторы.

Алатаумен сырласу өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Алатаумен сырласу өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Несіпбек Айтұлы өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Алатаумен сырласу өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері