Көңіл, шіркін – Несіпбек Айтұлы

Бұл бетте «Көңіл, шіркін» атты Несіпбек Айтұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 24.09.2021
  • 0
  • 0
  • 2831
Көңіл, шіркін –
Бір күн бай,
Бір күн кедей.
Өтер кім бар ойнадым-күлдім демей?
Кейде мылқау секілді тіл қатпайсың,
Кейде әнші боп кетесің бұлбұл көмей.
Көңіл, шіркін –
Бір күн бай,
Бір күн кедей.
Күмілжімей кім жүрер, кірбіңдемей?
Күліп тұрса «байлығым» миығынан,
«Кедейлігім» тұнжырап тұрды үндемей.
Көңіл, шіркін –
Бір күн бай,
Бір күн кедей.
Біреуіне біреуін білдірмегей.
Кедейлік пен байлығың бірдей болса,
Көкірегің тұра ма күмбірлемей?
Көңіл, шіркін –
Бір күн бай,
Бір күн кедей.
Жатыр дейсің кім солмай, кім гүлдемей.
Қысқа ғұмыр қамшының сабы болса,
Нәзік жүрек үзілер бүлдіргедей.
Көңіл, шіркін –
Бір күн бай,
Бір күн кедей.
Жамандыққа жаныңды ілдірмегей.
Айналады түбінде жоғың барға,
Жоқ екен деп барыңды бүлдірмегей.
Көңіл, шіркін –
Бір күн бай,
Бір күн кедей.
Айтарыңды ашық айт, міңгірлемей.
Қара шаңның астында қалсаң-дағы,
Жаны таза, жарқыным, жүр кірлемей!..


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері