Қонған екен тағдырдың құсы маған – Фариза Оңғарсынова

Бұл бетте «Қонған екен тағдырдың құсы маған» атты Фариза Оңғарсынова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 22.10.2016
  • 0
  • 0
  • 8712
Қонған екен тағдырдың құсы маған,
енді қалай төбемнен ұшыра алам?
Бақытым ба, болмаса азабым ба,
біле алмадым, ал бірақ сұсы жаман.
Тағдырымның жыр атты сыйына мен
кезіктім де, жол тарттым қиырға кең.
Маңдайыма осылай жазылыпты
ғажап та қиын әлем:
отау - айдын, жасауым - жасыл кемем,
ойнайды айдын көгінде жасын-жебең.
Думандатқан жерлерде отырамын
көзде - мұң, басымда - өлең.
Көп адамға көктем де, қыс та арайлы,
ал мен үшін алтын да - мыс талайғы,
жай құбылыс секілді құшсам - Айды.
Бақытым да, әйтеуір, басқалардың
бағына ұқсамайды.
Елтімеймін дауылсыз таң ғұмырға,
түк еместей шыңың ба, шалғының ба...
Жүрек емес жүрегім - антеннадай
қабылдайтын әлемнің ән, мұңын да.
Ем іздеуім бекер-ақ, бұл болмысым
қанымда, тағдырымда!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері