Ғабиден Мұстафин қазасына – Несіпбек Айтұлы

Бұл бетте «Ғабиден Мұстафин қазасына» атты Несіпбек Айтұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 24.09.2021
  • 0
  • 0
  • 4033
Қайыспаған қара нар ең ауырға,
Майыспаған қарағай ең дауылға.
Сен құлады деген хабар кенеттен
Қатты тиді ағаға да, бауырға.
Тартушы едің өрге салса алқынбай,
Сексендегі сергектіктің салтындай.
Төрімізде отырушы ең қасқайып,
Тұла бойың тұтас құйған алтындай.
Алғырлықпен аштың небір тұйықты,
Асқарлықпен алдың талай биікті.
Тазалықтың таразысы секілді ең,
Ел жүгіне ерте тосқан иықты.
Саған айтпай халқың айтар кімге алғыс,
Қайрат едің кеткен кезде мыңнан күш.
Құбылнама өзің едің бұлжымас,
Алып кеме өзің едің мұзжарғыш.
Сахи едің ісің – үлгі, сөзің – құт,
Бақиға өттің, қала бердік төзім қып.
Қара жерге тимей жатып жамбасың,
Орның бөлек екендігін сезіндік.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері