Өлең, жыр, ақындар

Менің жұмбақ тағдырым

  • 24.09.2021
  • 0
  • 0
  • 1113
Ей, ағайын, кел бері, күдіктенбе,
Шырық бұзар емеспін бүлік пенде.
Ар жағыңды отырам көріп­біліп,
Бармағыңды бірақ та бүгіп келме.
Өзің ішер өзенің лайланар,
Тас лақтырсаң мендегі тұнық көлге.
Қарап жүріп қазандай өкпең неге?
Түсінбесең түңілме, кектенбе де.
Адасқам жоқ ел аман, жұрт тынышта,
Таласқам жоқ шенге де, шекпенге де.
Менің жұмбақ тағдырым секілді бір
Тұңғиықтың түбіне шөккен кеме.
Шаршап жеткен жолаушы ем қанша жолдан,
Қас­кірпігім көрінбей шаң­тозаңнан.
Атан тартқан азапты бота көріп,
Азып­тозып, арқа етім арсаланған.
Шөккен кемеге ұқсасам сөкпе мені,
Толқын ұрып бір кезде парша болғам.
Өткен күннің шығармай зарын естен,
Шетен едім жартасты жарып өскен.
Мұсылманнан безініп доңыз баққан,
Аулақ салдым іргемді жарыместен.
Кең аспанның астынан пана таппай,
Ары көшкен қазақпын, бері көшкен.
Тасқа табан тілдірдім жосылдырып,
Қараңғы сай, тар кезең шошындырып.
Шыр айналып шықсам да шартарапты,
Тонаса да қарақшы шешіндіріп,
Қасиетін халқымның тонатпадым,
Бесігімді арқалап босып жүріп.
Қаңғыдың деп жүктеме кінә маған,
Кезім аз ба болдырған, тұралаған?
Келеді әлі жалғасып қуғын­сүргін,
Басталған сол «алқакөл­сұламадан».
Мен жыласам, солқылдап сен де жыла,
Көзің ақсын өзіңе жыламаған.
Жетісесің желігіп несіне сен,
Қазынаңды қолыңмен көсімесең.
Жуындыға майланып үлпершегің,
Шыбын саңғыр аузыңа есінесең.
Ит екеш ит таламас ұяласын,
Иттігіңді түсірші есіңе сен!
Сең көшуде бүгінде, сел көшуде,
Шыдаймысың дауылмен белдесуге?
Шілдей тозып, тарыдай бытырадық,
Жарай алмай өзара селбесуге.
Тату болсақ түп­түгел тұрмас па едік,
Толған айдай толықсып он бесінде.
Не жетпейді саған да, маған да осы?
Ортамызда атаның аман қосы.
Біздер қайда, ел қайда, басқа қайда,
Қайда тартып барады заман көші?
Қандасыңды қалайша жатырқайсың,
Қазақ тұр ғой,
Адамның адам досы!
Ашынғаннан зар жұтып, мұң шегемін,
Көлеңкелі көңілге нұр себемін.
Босағасын елімнің бекітетін,
Бірі болсам деп едім мың шегенің.
Сықпытыңды көрдім де секем алдым,
Осыншама дүрегей, дүмше ме едің?
Шынын айтсам, шамданып, екіленбе,
Сенен менің жанымның оты кем бе?
Алып қашып бөркімді әуре қылма,
Кібіртіктеп тұлпарым, шекігенге.
Тоным тозып, келсем де атым арып,
Жарық менің әйтеуір бетім елге.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бозторғайдың жағы талмас

  • 0
  • 0

Өлең өлді деген жанның алдыменен өзі өлген,
Күпіршілік қылғандардың оңбайтынын сезем мен.
Жаратқанның жерге төккен ол­дағы бір зауалы –
Көктен тамшы бұйырмаса гүл ерніне кезерген.

Толық

Оразбай басында

  • 0
  • 0

Құлазитын секілді Шұнай тауы,
Ескі қыстау көргенді мұңайтады.
Өшкен ошақ,
Өлген үй,

Толық

Жүрегімнің жыл құсы

  • 0
  • 0

Күндер, күндер – жүрегімнің жыл құсы,
Қызығыңды жырлап бітпес бір кісі.
Жылап келсең көз жасыңды сүртеді,
Аппақ бұлттар – көк аспанның сүлгісі.

Толық

Қарап көріңіз