Ауырғанда – Несіпбек Айтұлы

Бұл бетте «Ауырғанда» атты Несіпбек Айтұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 26.09.2021
  • 0
  • 0
  • 983
Мазам кетіп барады, мазам кетіп,
Мазақ етіп жүре ме қазам жетіп?
Тым болмаса жабдығым түгел емес,
Табақ тесік, қасық кем, қазан кетік.
Далақтаумен үлкенге, кішіге де,
Дүние, шіркін, кірмепті түсіме де.
Жетім күшік секілді жұртта қалса,
Балам мені, білмеймін, түсіне ме?
Жетемін деп бәріне ағайынның,
Өзімді өзім абайсыз қақ айырдым.
Жай­күйімді осы күн білгің келсе,
Аласұрған шілдеде ақ аюмын.
Жұрт еді ғой менсіз де күн көретін,
Өлгенменен ешкім жоқ бірге өлетін.
Қабақ шытпай күтейін ажалды да,
Қонағым ғой әйтеуір бір келетін.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері