Бір тал гүлің бұл маған – Тұрсынхан Әбдірахманова

Бұл бетте «Бір тал гүлің бұл маған» атты Тұрсынхан Әбдірахманова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 08.08.2021
  • 0
  • 0
  • 749
Бір тал гүлің бұл маған
Құрметіңнің белгісі.
Қадіріңді сыйлаған
Танымасам, нем кісі.
Жүрек пақыр алғысын
Келеді айтып бергісі
Жеткізер ме бар тұсын
Терсем сөздің зерлісі.
Сөздің қыңыр кезі бар
Кейде ырқыңа көнбейтін.
Көңілде ойдың көзі бар
Айта бергің келмейтін.
Бұзып-жарған циклон сынды,
Сумаң ауыз жайған өсек.
О, бұл күнде өсек бұлды,
Аржағында жатса да есеп.
Доптай қағып жібереді
Ақ көңілді, аңқауларды.
Шың басына шығарады
Жылмаңдарды, жалқауларды.
Әділет деп тақылдама,
Сақ болғайсың ауызыңа.
Сүйенерің болмаса егер
Сиярсың ши қауызына.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері