Өлең, жыр, ақындар

Наурыз жыры

  • 26.09.2021
  • 0
  • 0
  • 3394
Наурызым –
Сары уызым,
Жүдеп едік сен кетіп;
Қайта келдің,
Байтақ елдің
Қуанышын көлдетіп.
Дәстүрімнің,
Жақсы ырымның
Нышанысың жол етер.
Берекелі,
Көже толы
Қазаныңа не жетер?!
Өң кіргізіп,
Келдің бұзып
Тас бөгетін жалғанның.
Еркіндігім,
Алтын жібім –
Үзілгенім жалғандың!
Зарықтырып,
Тарықтырып,
Жоғалғаным табылдың.
Тынып қалған,
Құлыпталған
Ән мен күйім ағылдың!
Құт мерекем,
Күткен екем
Сені көптен шын аңсап,
Маздақтарым,
Боздақтарым
Бірге оралды ұран сап.
Сөніп барып,
Өліп­талып,
Жидым әрең есімді.
Арғымағым,
Марғұланым
Қыл бұраудан шешілді.
Жанды бағым –
Тау қыраным
Томағасын сыпырды.
Қарға «мықты»,
Жарға бұқты
Көрге кірген сықылды.
Жанын сақтап,
Арын сатпақ
Ұятсыздар күні үшін.
Өзі кесел,
Көзіне шел
Қаптағандар құрысын.
Мәңгі жанған,
Түнді жарған
Ғажап оттар жасасын!
«Елім!» деген,
Бөлінбеген
Азаматтар жасасын!
Кел, Наурыз!
Жандағы мұз
Шуағыңмен ерісін.
Гүлін жайып,
Тілім байып,
Тынысым бір кеңісін!
Еселенсін,
Өсе берсін
Қазағымның мерейі.
Іркілмесін,
Бүлкілдесін
Бұлбұлдардың көмейі!
Шөбім өніп,
Төлім өріп,
Шалқып жатсын кең далам.
Былғанбаған,
Уланбаған
Әлеміңді бер маған!
Сарқылмайтын,
Тартылмайтын
Шаттық көлі бар қайда?
Оқ алмайтын,
Тоналмайтын
Тағдыр сыйла маңдайға!
Сен – елдігім,
Кемелдігім,
Сағынысып табысқан;
Бұрынғының,
Бүгінгінің
Арманымен тоғысқан!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сен де бір Асанқайғы

  • 0
  • 0

Алпысқа келіп қапсың, асыл аға,
Отыз жыл біз ергелі қасыңа да.
Тауыстың көз майыңды ақ қағаз бен
Үңіліп туған жердің тасына да.

Толық

Аяулы арман дүние

  • 0
  • 0

Барады күндер көшіп керуендей,
Жанарға жас келер ме тебіренбей?!
Алыстан қол бұлғайды асқақ арман,
Бұлдырап сары белдей бері келмей,

Толық

Жаңбыр әні

  • 0
  • 0

Сыйлар маған бақытын тағдыр әлі,
Көк аспаным жай атып, жаңғырады.
Жаңғырады –
Төгілер жаңбыр әні,

Толық

Қарап көріңіз