Өлең, жыр, ақындар

Достық туралы

  • 26.09.2021
  • 0
  • 0
  • 794
Майысқанда бұғанаң, қайысқанда қабырғаң,
Өлген досың үн қатып жататындай қабырдан.
Алақтайсың аспанға, далақтайсың далаға,
Бөркіңді ала қашқанда ала құйын қағынған.
Достық деген емес қой сатып алар сары май,
Маңдайыңа жазғаны – жүрсең досқа жарымай.
Қасқыр шауып қойыңа, ұры түссе қораңа,
Жағаттаған жамандар өте шығар танымай.
Сыртын көріп жүгірме, түсі игіден түңілме,
Жетіп жатыр жалғыз дос тірек болса тіріңде.
Көңіл, шіркін, қалады насыбайдан бір атым,
Не бар, не жоқ – білдің бе шақшасының түбінде?
Ой жіберіп барласам, өткенімді аңдасам,
Базар етіп барымды күн кешіппін әрқашан.
Жоққа жүйрік жете ме, тасқа қылыш өте ме,
Бұйымтаймен келгенді бос қайтардым мен де сан.
Әлдекімдер ит қосса ырылдатып төбетін,
Астымда жоқ тағалы ат қаңқ еткізіп тебетін.
Қан сауласа, жамауға жүрегімнің жыртығын,
Қайыспас дос қайда бар, кесіп берер қоң етін?
Арпалысқан жалғанда жан берісіп, жан алған,
Сыңарынан адасып талай саңлақ жоғалған.
Көңіл көзі таныған бірін­бірі алыстан,
Егіз қозы секілді екі доста жоқ арман.
Арқасына ер батқан, тобығына тоң қатқан,
Толарсақтап, тайғанап, талай тұлпар жер қапқан.
Жел қатайса дедектеп, сайға кірсе өбектеп,
Қараңдайды кең дала қалбаңдаған қаңбақтан.
Арасынан қыл өтпес, құс қанатты екі інім,
Жаяу қалсаң тозбасын аяқтағы етігің.
Көзі күліп тұрғанмен, бүлк етпейтін бүйрегі,
Еті қалың, байқасам, мынау заман бетінің!..



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Танабай

  • 0
  • 0

Арбамен құла дүзде қаңғып жүрген,
Арқада Танабайды әркім білген.
Мүгедек – екі аяғы тізеден жоқ,
Қарақшы, қашқын да емес ел бүлдірген.

Толық

Есіңде ме?

  • 0
  • 0

Жаз күркесін күз келіп жығар әлі,
Өрекпумен өзендей жыл ағады.
Шағаласын шақырып шалғай кеткен,
Көлдерім тұр көзімде жылағалы.

Толық

Талпына алмай

  • 0
  • 0

Жүзім қайтып тасқа шапқан қылыштай,
Жамырайды ойым ойға жұғыспай.
Құлағыма шыңылдайды бір әуен,
Шыңыраудың түбіндегі дыбыстай.

Толық

Қарап көріңіз