Аманат – Айтқали Нәріков‎

Бұл бетте «Аманат» атты Айтқали Нәріков‎ жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 27.11.2015
  • 0
  • 0
  • 3447
Жылдар, жылдар шарқайрақтай зырлаған,
Күш-қуатты бірте-бірте «ұрлаған».
Алыстатып жастық шақтың ауылын,
Кәрілікке жақындатқан бір қадам.
Елікпейтін болдым қызық, ойынға,
Салқындық орныққандай бойымда.
Бір әулеттің үлкені боп қалған соң,
Ауыр салмақ түсіп жатыр мойынға.
Кезімде осы мүмкіндік бар, шама бар,
Ойымда жоқ ағайынды алалар.
Алғыс қана арқалағым келеді,
Шалыс бассам, дұшпандарым табалар.
Алыстарға бастаса ойдың жетегі,
Өн бойымды дауыл соғып өтеді.
Он екіде бір гүл ашпай кеткендер,
Жүрегімді тілім-тілім етеді.
Сұрауы бар өтіп жатқан күн-айдың,
Талқысына тағдырымның шыдаймын.
Жинағаным ұрпағымның үлесі,
Ал шыбын жан аманаты құдайдың.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері