Шақырылмаған қонақ – Жұмекен Нәжімеденов

Бұл бетте «Шақырылмаған қонақ» атты Жұмекен Нәжімеденов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 26.09.2021
  • 0
  • 1
  • 1075
Суға түскен сәуледей дір-дір қағып
уақыттың алдында жыр жырладық...
Бір ымыртта есікті еппен ашып
күдік деген сайқалың кірді ұрланып.
Сыңқ етіп бір күлді де төрге асықты...
содан бастап жанды кір, сор басыпты.
Жүрегімді қос қолдап сығып еді ол —
жалғыз шумақ қара өлең зорға шықты.
Сылаң қаққан қыз-жырым ымырттағы
содан қайтып шашбауын шұбыртпады.
Сезінуші ем кеудемде көлім бар деп,
әлгі сайтан сол көлді бір ұрттады.
Көл құрғаса орнына өседі не —
бауырым сыз, иегім, көсе, міне.
Жасыл бағым — жабырқау күзге айналды,
басымдағым — күншілдің өсегіне.
Күйе жаққан кірпігін көп қадады —
күдік — жаман әйел-ау деп қаламын.
Содан бері өзімді өзім тежеп,
...суға да бейнем түспес боп барамын.


Пікірлер (1)

Марат

«Шақырылмаған қонақ» өлеңі адам жүрегінің нәзік қырларын ерекше шеберлікпен ашады. Туындыдағы кейіпкерлердің сезімі, ішкі толғаныстары мен табиғат көріністерінің үйлесімі оқырманды терең ойға жетелейді. Ақынның поэтикалық тілі, ырғақты ойлауымен бірге оқырманға жүрек жылуын сезіндіреді. Осындай мәнді әлемді көркем түрде жеткізетін шығармалар қоғамға рухани азық беретіні сөзсіз. Авторға шығармашылық табыс пен жаңа шабыт тілеймін!

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері