География
Әлдене бір ендіктерде, белдеуде
Экваторға айналсам-ау мен демде,
Жердің шарын құшақтасам, бір ғана
қарым менің шақырым боп мыңдаған
Кетсе ұзарып;
Саусақтарым бұл мықты
Сипап көріп мұхиттарды, құрлықты,
Көшелерді, каналдарды
аккордеон тіліндей ғып басқанда
ғажап бір күй шапшыр еді-ау аспанға!
Күшті шығар Бетховен мен Құрекеңнен он есе,
ағылшын да, француз да, немесе
орыс, жапон, немістікі де емес ол,
бірақ шерткен күй секілді жеңешем
Әркімге ыстық "Полонездей" —
Адам күйі! —
Аты жаңа демесең
баяғыдан бар күй — өзі шыншыл-ақ...
— Күйдің ұлты кім, шырақ?
Құрыр еді-ау бұл сұрақ:
Жесір біткен бір-ақ тілде сыңсымақ,
бір-ақ тілде күледі екен күн шуақ,
ит те жүр ғой бір-ақ тілде қыңсылап?!
Жылайтыны тәрізді күллі сәби бір тілде,
Күллі адамзат ойлар болса бір тілде,
бір соққыдан барлық шеке ісер болса күлтілдеп,
бар жүректі бір-ақ қайғы түртіп жеп,
Адамзат деп қана аталса күллі әлем,
бір-ақ жанып жырлар ем
Адамзаттың бақыты мен мұратын
Мадақ етіп шабытыммен сұрапыл!
Сонда ғана ендіктерде, белдеуде
экваторға айналар ем мен демде,
Жердің шарын құшақтар ем,
глобусты құшақтаған кәрі, ізгі
география мұғалімі тәрізді!
О, қанша амал, қанша амал,
Әзірге тек қиял жұтып тамсанам.
Адам — адам болғалы бар бұл мақсат,
ақын — ақын болғалы бар бұл мақсат,
Кей мезгілде сөзге айналып құрғақ, сақ,
Кейде күдік, күмән болып тырнақ сап —
Жаным менің жүр қақсап.
Амал қанша!
Сенбеушілік, сертсіздіктер, уайымдар,
біреу — басын, біреу — қанжар дайындар:
Абельдер мен Каиндар,
Хауа-анадан бір туғандар әуелде
Әр өлкеге, әр елге
бір-бірінен туы бөтен, әні өңге
ұрпақтар боп тарап кетті әлемге.
Адам деген атамыздың аты ғана қалды асыл,
Кімге керек қара нәсіл, ақ нәсіл:
Жапонның да аспанының Айы әппақ,
Негірдің де жапырағы жап-жасыл.
Ағылшынның бұлағы да мөп-мөлдір,
Машын-Шыңның бұлағы да мөп-мөлдір:
барлық елдің бұталары басына,
жасыл-жасыл желек байлап көктем жүр.
Шекара бар,
Карта бөлек, алайда
ешқайсысын Көктем алаламайды, ә?!
Барлық жерде аспан биік, күн қызыл,
барлық түннің күліп туар жұлдызы —
О, жасаған, жасаған,
бірін-бірі жылататын несі адам?!
Бар халықтың тыңдап көрсең әуенін:
барлығының мұраты — өмір, жауы — өлім,
О, жасаған, есалаң,
бірін-бірі өлтіретін несі адам?!
Барлық елде бала — бала, ана — ана:
балаларды күштеп бөлу бола ма,
аналарды түстеп бөлу бола ма?!
Бірақ бөліп көрген емес мені ешкім,
Қазақ боп-ақ қалғаныңнан көп өстім.
Жо-жоқ, достым, космополит емеспін!
Бірақ анау шекаралар, сақтықтар
жатқан сын-ды адамдарды жат қып бар,
саясат пен түсініктің әр түрі
жалын болып Жерді талай шарпытты.
КПСС — ойлайды өзі дұрыстап:
Экватор боп он есе,
Шеңбер болып немесе
бөшке-жерді құшағында тұр ұстап.
Ал анау жақ сөз гулетіп бір қауым,
Сан саланың салыстырып ыңғайын,
ұшқын іздеп әрбір тастың қырынан,
бензин-бөшкеге от қоюға тұр дайын.
Әр сыбдырға жалтақтап,
сана бұзып, салт аттап,
"Соғыс" деген сөзбен ойнап ант атқан
Қыңыр бастар қысыр сөзбен мал тапқан,
Түйе жасап шіркейден,
қайық жасап қалпақтан,
"Қызыл қатер" кеп қалды деп ұрандап,
Суайт, сымпыс дүниені жүр алдап.
Акқуға да мылтық кезеп, сірә онда
Сауысқанды салады айдап қыранға,
бұлбұл әнін айналдырып зор дауға;
Қызыл тудың көлеңкесінен осы
Жанатындай жер лаулап,
Ұмтылады мың тонналық бомбамен
Құзғындарды көгершіннен қорғауға!
Көкірегі қарау, бетер зынданнан,
адамдарды қырғаны үшін бұлданған
Пиночеттер, фюрерлер кіл жалған,
бөлсек, — дейді — Айды алтыға, Күнді — онға.
Олар үшін — ракеталар аздай бір,
бомба жасау — сол баяғы бәз қайғы.
Пиғылынан шошынып Жер солардың
Экватордан жұлып шыға жаздайды.
Көп күйбеңнен көңілі қалып қорлана.
Үһілейтін сын-ды сонда Жер маған.
Географиялық сызықтарға содан біз
сене алмадық. Біз — қорғанбыз, қоғамбыз.
Қарғып шығып қорғанымнан, қоғамнан,
Жоқ, мен, сірә, экватор бола алман!
Жоқ, бола алман!
Жау пиғылдар түрлі анда
Зеңбірек боп ашылғалы тұрғанда,
Кнопка боп басылғалы тұрғанда
Мен, мен, сірә, экватор бола алман!
Революция пионерлерінің сол
галстуктерін жалғап,
шығар күннің қызыл нұрын жұтқызып,
Шекарамды содан өрдім қып-қызыл,
Қызыл сызық! Аттай алмас оны ешкім,
(өзім де өмірі аттап көрген емеспін!)
Жасарғысы келгенде қыр, жоталар,
Көктем ғана аттай алар, өте алар:
Қызыл гүлін шам ғып жағып маздаған,
рұқсатсыз аттай алар жаз ғана.
Жау боп келсең — қара суымды ұрттама,
жақсылықты жатырқаған жұрт надан!
Біздің қызыл сызықты аттай алар жерде — жел.
Көкте нөсер, бұлт қана!
Жоқ мен әзір экватор бола алман,
Шыққанымнан емес, Шымкент, Оралдан,
Қысқалығынан да емес қолымның —
алалығы ой-пиғылдың, көңілдің.
Дәнеңе жоқ діннің бөтендігінде,
тілдің бөтендігінде.
Ашық көктен домаласа жай тасы —
бомба ғана емес шығар, байқа шын,
ол — мемлекет, шекаралар айқасы,
Ұғымдар мен идеялар айқасы!
Айқас қана жеткізеді жеңіске,
Жеңіп қана ел болдық біз ірі алғаш.
Ауған, араб, неміс те
бізбен бірге — идеялас, ұрандас.
Қасым ағам — испанканы ұнатқан,
ал мен жапон қыздарына ғашықпын.
Көктем мен жаз сықылды
Көктем үшін шекарам да ашық тұр.
Жеңістерге жүгінгендей бүгін ел,
Мен достыққа жүгінем.
Қызыл сызық болып жерді құшармын,
Экваторға айналармын түбі мен...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі