Өлең, жыр, ақындар

Құм жыры

  • 15.10.2021
  • 0
  • 0
  • 775
(Серік Әбікенұлына)

Жүргендей бірге туыспен,
Сырыңды іштей біліскен,
Не жетсін сыйлас күндерге,
Көңілден көңіл су ішкен.
Салмағын салған мойынға,
Сонау жыл әлі ойымда.
Өзіңмен жақын танысқам
Ақшиде – Күрті бойында.
Дәм татып құтты үйіңнен,
Пейіліңе дархан сүйінгем.
Көңілді желдей шалқыттың,
Күртінің құмын үйірген.
Жаманды көрсең түңілген,
Жақсыны көрсең бүгілген,
Тұп­тұнық тұма көзіндей
Жаныңа сонда үңілгем.
Даланың ой мен қырында,
Жортпаған кімдер бұрын да?!
Суымас бізден қалған із,
Күртінің ыстық құмында.
Қарамай боран, жаңбырға,
Бас имей асау тағдырға,
Бұл құмды кешкен кешегі
Сүйінбай менен Жамбыл да.
Іленің бойын көмкерген,
Ырыздығын құмнан ел терген.
Бұл құмды кешіп Сұраншы,
Қоқанның қолын төңкерген.
Солардан қалған мына құм,
Жыласа бірге жыладың.
Өксісе бірге өксідің,
Тау менен тасың, бұлағың.
Тұлпардан қалған тұяқсың,
Сұңқардан қалған қияқсың.
Анадан қалған мейірім,
Атадан қалған миятсың.
От пен суға түсірген
Шықпайды сол құм түсімнен.
Сол құмды сен де түсіндің,
Сол құмды мен де түсінгем.
Құмдағы тірлік бір басқа,
Шыңдағы тірлік бір басқа.
Бәріне бірдей қараған,
Ризамын сендей шын досқа.
Сусыған құмдай сырғыған,
Шұбырған көштей жылжыған,
Бізден де өтер бұл жалған,
Келтірер күмән кім бұған?
Құм іші қалың сексеуіл,
Оған да тиген өкше бұл.
Іреңі құмның кіреді,
Сексеуіл жайнап төксе гүл.
Шілдеде шөлдеп ізгі өмір,
Қаншама қазақ түзде жүр.
Тамырын терең жіберген,
Сексеуіл де бір, біз де бір.
Тартсақ та қанша азап біз,
Мың тәуба, енді азатпыз.
Тартысып өскен тағдырмен,
Сексеуіл текті қазақпыз.
Халқыңды сүйген жүрегің,
Лүпілдеп тұр ғой, білемін.
Жаныңды бірақ кім ұқсын,
Суындай терең Іленің?!
Сексеуіл сертті Серігім,
Діні мен діңі берігім.
Тимесе тағдыр балтасы,
Бөледі сенен мені кім?..



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Естайды еске алу

  • 0
  • 0

Қорландай асыл жарды арман еткен,
Аһ ұрып, ақын Естай зарлап өткен.
Қабағы тас түйілген тағдыр барда,
Қай кезде дегеніне пенде жеткен?

Толық

Алланың жүзі ғана

  • 0
  • 0

Пенденің қарекеті тұрмыстағы –
Аумаған тасбақаның тырмысқаны.
Алдыңда дайын тұрар қайда барсаң,
Терінің сен илейтін бір пұшпағы.

Толық

Есіл де есіл, есіл күн...

  • 0
  • 0

Есіл де есіл, есіл күн,
Еш кетсең мені кешіргін.
Сары бел жұтқан сағымдай,
Санама сені көшірдім.

Толық

Қарап көріңіз