Іңкәр өмір – Несіпбек Айтұлы

Бұл бетте «Іңкәр өмір» атты Несіпбек Айтұлы жазған өмір туралы өлең берілген.

  • 15.10.2021
  • 0
  • 0
  • 1540
Шағаладай шалқып,
Аққу-қаздай қалқып,
Қонасың қай көлге,
Сайран көңілім?
Соққан желдей заулап,
Аққан судай аунап,
Барасың қай жерге,
Қайран өмірім?

Қайырмасы:
Күн шуағын төккен,
Ай сәулесін сепкен,
Ғажап едің неткен,
Жарық дүние?
Сағындырып көптен,
Қайда көшіп кеткен,
Жайнаған жас көктем,
Жасыл дүние?

Қайырмасы.

Иегіңді созып,
Шапқанменен озып,
Шығасың қай белге,
Тұлпар көңілім?
Тағдырға таң қалып,
Қара көзің талып,
Тынасың қай жерде,
Іңкәр өмірім?

Қайырмасы.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері