Достар-ай! – Несіпбек Айтұлы

Бұл бетте «Достар-ай!» атты Несіпбек Айтұлы жазған достық туралы өлең берілген.

  • 18.10.2021
  • 0
  • 0
  • 1506
Бұлтарып бұлаңдаса түлкі заман,
Сүрінбей өтем деме бір күн одан, достар-ай!
Сендерсің базарым да, байлығым да,
Табысып тай­-құлындай шұрқыраған, достар-ай!

Қайырмасы:
Бала күннен,
Ойнап күлген,
Азаймаңдар,
Сеніп жүрген достар-ай!
Елім деген,
Жерім деген,
Жалғыз дәнді
Бөліп жеген достар-ай!

Басыңнан дәурен тайса бәрі бекер,
Қыранға қарғаның да әлі жетер, достар-ай!
Қаптаған ағайының жолда қалсаң,
Қасыңнан теріс қарап ағып өтер, достар-ай!

Қайырмасы.

Тіршілік талай жерде тарықтырар,
Айырып ардақтыңнан зарықтырар, достар-ай!
Жабылып жалған достар жарға жықса,
Шын досың шыңыраудан алып шығар, достар-ай!

Қайырмасы.

Адамды жетелесе өмір-сапар,
Ащының, тұщының да дәмін татар, достар-ай!
Құдайым, сақта досын сатқандардан,
Жүргендер досын сатып, елін сатар, достар-ай!

Қайырмасы.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері