Алданамын, кімге ашылып, сенсем көп – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте «Алданамын, кімге ашылып, сенсем көп» атты Қанипа Бұғыбаева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 06.11.2021
  • 0
  • 0
  • 687
Алданамын, кімге ашылып, сенсем көп,
Көңіл ауру, бір сөзіңмен берші емдеп.
Адамдардың ортасында жүріп-ақ
Адамды бір сағынамын көрсем деп...
Жалған жанның болмас жанға сусыны ем,
(Іштен қалай қайғы бұлтын құсын ел?)
Ойын-тойдың ортасында отырып,
Жалғыздықтың күйін шертіп, күрсінем...
Өзінен де сұлулардың сыры ұнап,
Шын күлкіні сағынамын бір уақ.
Көктемде де қалады екен көктемей
Кейбір ағаш су ішінде тұрып-ақ...
Мен табынсам, тазалыққа табынам,
Алыс қонбай балалықтың бағынан.
Бет перделі «сыпайылар» ішінде
Бет пердесіз бір адамды сағынам.
Сағынамын даналықтың шырағын,
Жауапсыз боп қалмау үшін сұрағым.
Осынау жұрт ортасында сыңсытып,
Жалғыздықтың күйін шертіп тұрамын...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері