Шоқан – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте «Шоқан» атты Қанипа Бұғыбаева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 14.09.2021
  • 0
  • 0
  • 1306
Таң шолпанға қарады ел сен екен деп,
Келер әлі айналып мерекең көп.
Сүйгендіктен ойладың өз еліңнің
Терезесін өзге елмен тең етем деп...
Табиғаттың табиғат болар тілі,
Әр жүректің қияға қонар күні.
Сен шығысты танытсаң батыс жаққа,
Біз батысты таныппыз сен арқылы.
Озық ойлы ұл бопсың, санаң жарық,
Жаздың баба тарихын қаламды алып.
Шығыс танып зерттедің Тянь-Шаньды,
Бірақ сені зерттеп біз бола алмадық.
Жанарыңнан жыр жазам ұшқын алып,
Ұшқыныңды қанша қыз құшты жанып.
Отызыңда «құйрықты жұлдыз» болып,
Жүрегіне еліңнің түстің ағып.
Әлі қанша алдыңда тосып тұр сын,
Сапарыңнан сені кім кешіктірсін.
Сүйген қызың жерінде Айсараның
Ескерткіш боп өлместен өсіп тұрсың...
Шоқан дейді,
Шолпанмен жаңғырып күн,
Сабақтапсың сәулесін таңғы үміттің.
Европа мен Азия арасына
Тартып кеттің құс жолын мәңгіліктің.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері