Ақ жүзіме «айнадан» көп қарадың – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте «Ақ жүзіме «айнадан» көп қарадың» атты Қанипа Бұғыбаева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 06.11.2021
  • 0
  • 0
  • 673
Ақ жүзіме «айнадан» көп қарадың,
Өмір деген сияқты көкпар, ағын.
Түс көргендей күй кешіп жол үстінде,
Сағыныштың сары бұлтын бетке аламын.
Көңілім менің жамаулы құрақ-құрақ,
Махаббаттан күтпеймін тұрақты бақ.
Сол сәттерді жоқтармын, аяғыңа
Жапырақтай дәрменсіз жылап, құлап...
Қайта оралып, алқызыл шағым, ғашық,
Кірпіктегі айналды лағылға шық.
Өткен сайын уақыт, көздеріме
Көрсетпей жүр бейнеңді сағым басып...
Толып кетті шиырлы ізге көшем,
Қарсы алармын көктем боп, күзде келсең.
Қайрылмасаң, «қайда» деп іздемеймін,
Сұрау салып сен мені іздемесең.
Күн дегеннің өзі жол, қалай дермін,
Шығып қалдық үстіне талай белдің.
Көздерімді тайдырып, әйнектен бір
Мен далаға, сен маған қарай бердің.
Көк жүзінде қызғылт нұр қаймақтанып,
Жоқ нәрсені отырмын ойлап тауып.
Кешкі күннің бояуы өртеп кеткен,
Өрттей бұлтты барасың қай жаққа алып?..


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері