Көп ұйықтап қалыппын – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте «Көп ұйықтап қалыппын» атты Қанипа Бұғыбаева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 07.11.2021
  • 0
  • 0
  • 946
Сағынамын, іздеймін, таба алмаймын
Алынбайтын әлсізге қамалдаймын.
Жастықпенен көбірек ұйықтап қалып,
Арманынан кешіккен адамдаймын.
Тор құрардай, алдыма торып бір күн.
Бөгеттерді мен қанша жолықтырдым.
Қар астынан өнген бір бәйшешектей,
Жел өтінде дірілдеп тоңып тұрдым.
Үміт бақтым, жол бақтым, бала бақтым.
Баламенен жалындап, алау аттым.
Жарық күнге талпынып кең әлемді,
Қанатымен қиялдың аралаппын.
Елегізіп келемін елеңдеумен.
Жағалауға сияқты кемем келген.
Тағдырыма ризамын, жұбанатын,
Өмір берген, өлмейтін өлең берген...
Өкпелеттім, біреуге өкпелеппін,
Күн шуақсыз мен қайтіп көктемекпін?
Тамырынан тамыр ап туған елдің,
Жапырақ жайған мен де бір көк терекпін.
Гүлденеді бәрі де үлгереді,
Қалғып-мүлгіп әркім-ақ күн көреді.
Ертеңіне ерліксіз еркелеген –
Жастығымды сұрасам кім береді?


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері