Сәулесін сағыныштың саялаған – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте «Сәулесін сағыныштың саялаған» атты Қанипа Бұғыбаева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 07.11.2021
  • 0
  • 0
  • 722
Сәулесін сағыныштың саялаған,
Сұлулық жаралды екен қай анадан?
Құлпырып, қуана да қоймас, сірә,
Алпысқа келгенінше әйел адам.
Бүгінгі қарап күлме, қалпыма сен,
(Сезімсіз болсам еріп, толқымас ем.)
Қызғалдақ, қыз-көктемнің бойында жүр,
Ұрланған уақытқа көркім, әсем.
Шабытты жыр туатын шабытты ойдан,
Көңілім құмырадай жауып қойған.
Үміттің қызғалдағы ұмытылып
Қырдағы қар астында қалып қойған...
Бүгінім кешегімді қайталаған,
Болсыншы, көріп, танып айтар адам.
Жоғалған жастығымды іздеп табам,
Қай дала, жылуы жоқ, қай қаладан?
Қабағым уақыттан қайғы алмай ма,
Бақыттан басым енді айналмай ма?
Таңдағы туған айдың сәулесіндей,
Айдынға сынып түскен айнам қайда?


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері