Күй қанаты
(Толғау)
(Қожыке күйшіге)
Жамылып қандыбалақ қара түнді,
Қайырды домбыра күй қанатыңды.
Қазақтың өзі түгіл, өнеріне –
О, қанша жауыздықпен оқ атылды?
Күй тағдыр, тебіренткен әр ақынды,
(Қайраған семсер етіп қара тілді)
Өштіктің өртін жаспен өшіре алмай,
Жылаған, жұбана алмай дала тұрды.
Кеудесі зарға толып жатты ананың,
Арасын айыра алмай ақ-қараның.
Күй айтып берді бізге, «таскөмірдің –
Шоғына Қожыкені қақтағанын».
Қапыда жоқтай алмай қандасты өлген,
Қара аспан бұл емес қой алғаш төнген.
Қызғаныш Шәкәрімді құзға тастап,
Әсетке «мүсәтір» деп алмас берген...
Көгімнен бұлттар аунап, жасын көшкен,
Кіндігін жер-ананың ғасыр кескен.
Жаламен қызғаныштың ай балтасы,
Қапыда Махамбеттің басын кескен.
Күй үні көңілімді қамап көптен,
Қанатсыз қиялымды қанатты еткен.
Күңіренген Абайды «қазағым» деп,
Сол қазағы емес пе, сабап кеткен?..
Аспаннан қан аралас қар жауыпты,
Тұмшалап жанарымнан бар жарықты.
Астына тырнағының ине сұғып,
Қинаған кімнің қолы Таңжарықты?
Жамылған жағымпаздар жалған атын,
Ішінен өмір жонбай, оқ жонатын.
Соңына шала алып бір түскендерден,
Құтылмай, көз жұмыпты Мағжан ақын.
Өмірдің жайқалса да жапырағы,
Тамыры тарихымның аһ ұрады.
Өлтірген Қожыкедей күйшіні өртеп,
Өштіктің өрті өшпей бір жатыр әлі.
Қанбапты қанға әцтеуір құмары елдің,
Құзға да келер кейде құлап өлгің
Бейімбет, Сәкен менен Ілиястар,
Құшқандай жалын жанып Құлагердің...
Сыйынып аруаққа, иман, арға,
Күй тулар, кеудеге кек сыймағанда.
Егіліп күңіренді тау, өксіп бұлақ,
Күйшіні түрмеге сап, қинағанда.
Аңызға абыз айтқан иланатын,
Кеудеге өмір сырын құйған ақын.
Күйші өлді, домбыраның қос ішегінен,
Ұшыпты өртке малып күй қанатын.
Туған жер Хантәңірдің сүйді көркін,
Алмаған бір басының билік, еркін.
Күйшіні отқа қатқтап өлтірген жау,
Шаршапты өлтіре алмай күйдің өртін.
Қастықтан, қасқырлықтан не тынды деп,
Шырылдар, балапандай жетім жүрек.
Өртеніп, күйшіменен күйген күйдің,
Жалыны шарпығандай бетімді кеп.
Үндескен әуенімен қиысып жыр,
Аққумен аққу жаны сүйісіп жүр.
Қақталып отқа жанған жазығы жоқ,
Күйшіні арашалап күй ұшып жүр.
Шабыттан арқа қысқан, дерт байланып,
Кек толы көкірегі өрттей жанып.
Өртеніп, өзі өлсе де, өз еліне –
Жетті күй, өзектегі өртке айналып.
Сый беріп, бір өмірді сыйға алатын,
(Тарсынбай, қандай жерге сыйған ақын)
Көгінен қыран құстың қалықтаған,
Өрт шалмас, өлмейтұғын күй қанатын.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі