Шымылдықты қою мақпал сырғып түн – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте «Шымылдықты қою мақпал сырғып түн» атты Қанипа Бұғыбаева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 08.11.2021
  • 0
  • 0
  • 748
Шымылдықты қою мақпал сырғып түн,
Қан жүгірді тамырына тірліктің.
Ояу едім, сол жарыққа бөленіп,
Атар таңнан әлдеқандай сыр күттім.
Серік болып аспандағы шар айға,
Шолпан туды, жарық төгіп маңайға.
Ояу едім, сол жарыққа бөленіп,
Беріліп шын еріп кеттім сан ойға.
Өмірімнің шолып өткен түрлі ізін,
Ұзатам мен өз көзіммен түн қызын.
Әлсіретіп біртін-біртін сәулесін,
Кішірейіп бара жатыр жұлдызым.
Бір түн өтіп, бір күн келді қиялдай,
Бар қызуын жер бетіне құярдай.
Құстар біткен жырлап жатты тынымсыз,
Таң шолпанын батып кеткен қия алмай.
Тербеп мені Шолпан-Айдай қос үміт,
Бозғылт таңда кірпіктерім жас іліп.
Жоқтап тұрды таң Шолпанын бір көктен,
Менің көңлім сол құстарға қосылып...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері