Жан апа – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте «Жан апа» атты Қанипа Бұғыбаева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 10.11.2021
  • 0
  • 0
  • 939
(Ләзиза Серғазинаға)

Тұтатып сағыныштың нұр шырағын,
Көрсем деп түні бойы тыншымадым.
Жан апа, мәңгі солмас гүліңмін мен,
Көңіліңнің саялаған күн шуағын.
Мен бір жан толасы жоқ, мазаланған,
Қарашы, сағат сайын озады арман.
Сүрінсем, сүйеп, демер қолтығымнан,
Жан апа, аумайсың-ау өз анамнан.
Жан апа, көңілімді өсір менің,
Тілегім бір өзіңнен осы менің.
Жүзіңнен жарты ғасыр сырын оқып,
Жыр етіп ақ қағазға көшіремін.
Қанат боп қанатыңа жалғанайын,
Өзіңше ойланайын, толғанайын.
Өзгеге көрінгенмен қара қыз боп,
Жан апа, мен өзіңнің толған айың.
Ақтарып ақ көңілден тасқынымды,
Көзіме мол шаттықтан жас тығылды.
Жетсе егер құдіретім, берсем деймін,
Қайтарып осы өлеңмен жастығыңды.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері