Мұң – Айтқали Нәріков‎

Бұл бетте «Мұң» атты Айтқали Нәріков‎ жазған мұң туралы өлең берілген.

  • 28.11.2015
  • 0
  • 0
  • 4163
Жүрегімде талай мұңның бар табы,
(Жас ұлғайса салмағы оның артады).
Қысымынан көп қайнаған қанымның,
Соңғы кезде желкем жиі тартады.
Мойынымды бұрғызбайды, сіресіп,
Жүйкелерім бір-бірімен тіресіп.
Бойымдағы күшім менен қуатты
Әкеткендей әлдекімдер үлесіп.
Шығам үйден сүйретіп құр сүлдемді,
Аулақтатып «одан-бұдан» іргемді.
Әр қадамды санап басар кез келіп,
Сыншы күндер алдан күтіп тұр ма енді?
Көңілімнің көк дөнені қайдасың?
Жастық өтіп, қалғансың-ау жай басып.
Арқыраған, жарқыраған кім-кім де,
Асыра алмас уақыттан айласын.
Айлар ағып, жылдар жылжып жатады,
Кеш ұғындым - жаныма сол батады.
Күпім қазір көкжиектен ерте асып,
Таңым болса, тым кештетіп атады.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері