Үлгеру – Алтынай Алиева

Бұл бетте «Үлгеру» атты Алтынай Алиева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Үлгеру...
Талпынамыз жақсы өмірді сүруге,
Барлық жанның бабын тауып, жүруге.
Үй мен жұмыс, кездесу мен кептеліс,
Жылап жүріп, үлгереміз күлуге.

Жақсылықты жасап тұрып біреуге,
Ренжітіп те үлгереміз ілеуде,
Қуанышын қабыл алып, тағдырдың,
Тауқыметін тартынбаймыз мінеуге.

"Маңызды" бұл қарбаласта үлгеру,
Тамырыңды таптаса да гүлдену.
Жабырқау мен жасынуды бұғаттап,
Отқа жанбай, суға батпай түрлену.

Өлшенбейді өміріңінің бағасы,
Тұлпарыңның қағылған соң тағасы.
Тағдырыңды тізгініңнен босатпа,
Сәтін күтпес, тіршіліктің таласы...
31.01.2021 жыл


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері